Ақмағамбет Рақымұлы – 1936 жылы Семейде дүниеге келген. Әлеуметтік желіде қарияның коньки теуіп жүрген видеосы тарап кеткен еді. Қария күн сайын кемі 30 минут коньки, жаздыгүні ролик тебеді. Baribar.kz журналисі Ақмағамбет атаға хабарласып, спортпен қашаннан бері айналысып жүргенін сұрап, білді.

«Қимылдамай қалсам, бірдеңе жетпейтін сияқты»
Кішкентайымнан спортпен айналыстым, коньки, шаңғы, ролик тептім. Волейбол мен футбол ойнадым. Қысты күні хоккей ойнадым. Осы күнге дейін бір сағат, тым болмаса 30 минут коньки тебемін. Конькиге кейде күнде, кейде күнара барамын. Бұрын күнде баратынмын. Қайткенмен де организм тозады. Жас күндегідей емес, қазір коньки тепкенде әлсіздік сезіледі. Алайда спорттан қалмаймын. Күнде қозғаламын. Қимылдамай қалсам, бірдеңе жетпейтін сияқты болып тұрады, — дейді Ақмағамбет Рақымұлы.

«Жұмысты 89 жасымда қойдым»
Ақмағамбет Рақымұлы шебер болып ағаш шеберханасында, фотограф болып студияда, еңбек пәнінен сабақ беріп мектепте де жұмыс істеген. Онымен қоймай өлең шығарып, баян, гитара, мандалин тартқан. Алайда қазір қолының буыны сырқырап ауыратын болғасын аспап тарту қиындай түсіпті.
Спорт дегенді жаным сүйеді. Кішкентай күнімнен қабілетті бала болдым. Бірдеңені істегім келіп құлшынысым ашылса, тағат таппайтынмын. Сол қабілетімнің арқасында ағаш шебері де болдым, мүсін де жасадым, еңбектен сабақ та бердім. 2025 жылғы мамырға дейін зейнетке шықпай, жұмыс істедім. Жұмысты қойғаныма енді ғана бір жыл болды. Таңертең сыртқа шығып, таза ауа жұтамын. Үйімнің жанында сондай үлкен емес, бірақ жабық мұз айдыны бар. Соған барып коньки теуіп келемін, бірақ қалған уақытта үйдемін, — дейді ағамыз.
«Мектепке баруыма соғыс кедергі болды»
Ақмағамбет Рақымұлы биыл 18 қыркүйек күні 90 жасқа толады. Әкесі параходта істеген. Анасы жұмыс істемеген. 1941 жылы соғыс басталғанда жасы бесте екен.
Бұрын балалар мектепке қазіргідей 7-8 жастан барған жоқ. Соғыстың кесірінен мен 9 жасымда, біреулер 10-12 жасында да барып жатты. 16 жасымда Семейде жетінші класс бітірдім. Спортпен сол кезде айналыса бастадым. Әкем соғыстан бір қолы шолақ болып оралды. Мектеп бітіргенімде Семейдегі рельефное училищеге (1952 жылы) оқуға түсірді. Ол жақта тегін тамақ пен киім береді екен, — дейді Ақмағамбет Рақымұлы.
Бұл училище Ертіске түсетін параходтар айдайтын мамандарды дайындаған. Оқуды аяқтағанша, аяқтағаннан кейін де бес-алты жыл сонда жұмыс істеген. Басында мотрос, жай жұмысшы, кейін капитанның үшінші көмекшісі болған. Алайда капитандар ағамызға «жас баласың» деп менсінбей қарағасын, ол жақтан кетіп қалыпты.
«Семейдегі жалғыз қазақ маман болдым»
Техникумнан кейін ағаш шебері болып істедім. Негізі бала күнімнен ағаштан зат жасағанға қатты қызығатынмын. Үйге қажет үстел, орындық, шкаф, шифонер, тумба дейтіндерді жасайтынмын. Кейін цехта үлгі жасаушы (модельщик) болып істедім. Бұл — көлік не параходтың бөлшектерін жасайтын адам. Ол бөлшекті жасау үшін алдымен үлгісін ағаштан дайындайсың. Модель дейді ондайды. Содан кейін басқа мамандар болат пен қоладан оны формаға, яғни сол модельге құяды. Кейбір қиын бөлшектің формасы алынып-салынатын болуы керек, ол да оңай шаруа емес. Үлгі жасаушы болу үшін ағашпен жұмыс істеуді, сурет салуды, сызуды, мүсіндеуді де жақсы білуің керек. Бұл жұмысты 40 жыл істедім, — дейді ағамыз.
Атаның айтуына қарағанда, мұндай маманның көзі бір миллиметрді де мықты көруі керек. Ақмағамбет ата сол кезде Семейдегі жалғыз қазақ үлгі жасаушы болыпты.

«Қазіргі жастарда бәрі бар»
Ақмағамбет Рақымұлының үлкен баласы 66 жаста. Төрт баланың екеуі қайтыс болған. Қалған екеуінен немере-шөбере сүйіп отыр. Ақсақалдың айтуына қарағанда, қазір бәрі үлкен. Шөбересінің өзі 17-ге келген.
Жастарда қазір бәрі бар. Спортқа қатысам десе де, басқа үйірмеге барам десе де таңдау көп. Адам үнемі бірдеңені істеп көруі, талпынуы, жақсылыққа қарай ұмтылуы керек. Бір мамандықпен қана қалып қоймай, бірнеше саланы меңгеру керек. Өзім ағаш маманы, фотограф, үлгі дайындаушы, кеме үлгілерін дайындау бойынша үйірме жетекшісі, мектепте мұғалім болдым. Сол жетекші, мұғалім болған кезде жасаған қайықтар мен кемелер қазір қаладағы 18-мектепте әлі сақталып тұр, — дейді Ақмағамбет Рақымұлы.
***
Тағы оқыңыз:

