Қазақстан қысқы олимпиада ойындарынан алтын алған спортшыға 250 мың доллар береді

Не болды?

Милан-Кортина XXV қысқы олимпиада ойындарында алтын медаль алған қазақ спортшы 250 000 доллар алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Forbes мәліметі бойынша, Қазақстан алтын медальға ең көп сыйақы ұсынатын елдер қатарында тұр. Ал көш бастап тұрған — Сингапур, Гонконг, Польша елдері. Бұл елдер олимпиада чемпионына 355 000 – 787 000 доллар аралығында сыйақы береді.

Жалпы сайысқа әлемнің 92 елі қатысып жатыр. Соның ішінде 37 ел алтын медальға ақшалай қомақты сыйақы қарастырып отыр. Мысалы:

Италия – 213 000 доллар,

Кипр — 177 000 доллар,

Болгария — 151 000 доллар,

Литва — 133 000 доллар,

Косово — 130 000 доллар,

Эстония 118 000 доллар жүлде ұсынады.

Күміс пен қола медальға қанша сыйақы беріледі?

Қазақстанда олимпиададан күміс медаль таққан спортшыға 150 000 доллар, ал қола медаль еншілеген спортшыға 70 000 доллар төленеді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, биылғы қысқы олимпиада ойындарына спортшыларды дайындау үшін 13,3 млрд теңге жұмсалған.

Бір алтын медальдың құны – 1000 доллар

Жеңімпазға арналған әр алтын медальдың құрамында 6 грамм алтын мен 500 грамм күміс бар. Жақында алтын мен күмістің бағасы өскенін ескерсек, бір алтын медальдың құны – 1000 доллардан асады.

Контекст

Естеріңізге салайық, 6 ақпанда Милан–Кортина XXV қысқы олимпиаданың ашылу рәсімі әйгілі «Сән-Сиро» футбол стадионында өтті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғау үшін Қазақстан құрамасынан 36 спортшы сайысқа аттанды.