Алматының Медеу ауданында тауда жалғыз серуендеп жүрген азамат құтқарылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ТЖМ мәліметінше, «Мыңжылқы» үстіртінен төмен түсіп келе жатқан туристер қараңғы уақытта тауда SOS белгісін беріп тұрған жарықты байқап қалған. Қашықтықтың алыс болуына байланысты көмек сұраған адамның даусы естілмеген. Оқиға туралы ақпарат түсе салысымен, құтқару қызметі мен ТЖМ-нің «Барыс» арнайы жасағы дереу оқиға орнына аттанған.
Құтқарушылар жеткен соң, жартаста қалып қойған азаматпен байланыс орнатты. Белгілі болғандай, 1996 жылғы туған жігіт тауға ешқандай дайындықсыз және арнайы жабдықсыз шыққан. Ол тік жартасты бағындырмақ болып, жотамен жалғыз жүрген кезде тайып кеткен. Құлау сәтінде ішінде жылы киімдері бар рюкзагі төменге түсіп кеткен. Нәтижесінде азамат тек спорттық костюммен және қолындағы шағын фонарьмен тар жартас белдеуінде қалып қойған. Өздігінен төмен түсе алмаған соң, ол ұзақ уақыт бойы SOS белгісін беруге мәжбүр болған, — делінген хабарламада.
Құтқару операциясы шамамен бес сағатқа созылды. Мамандар кәсіби сақтандыру құралдарын пайдаланып, жартастың жоғарғы жағынан төмен түсу арқылы күрделі маневр жасады. Нәтижесінде жігіт аман-есен құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Құтқарылған азаматқа медициналық көмек қажет болмаған.
