Алматыда мемлекеттік мүлікті заңсыз иемденбек болған қылмыстық топ сотталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мемлекет пайдасына тәркілеуге жататын мүлікті заңсыз иемдену мақсатында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізген топ сотталды.
Тергеу барысында Коспаевтың басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ бірнеше компанияны рейдерлік жолмен иемденгені анықталған. Оларға AV-Construction ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындар кіреді.
Сот шешімімен Алматыдағы «Никольский» базары аумағында орналасқан Nikolsky Investment ЖШС-не тиесілі жер телімі мен мүлкіне тыйым салынған. Алайда 2025 жылғы қыркүйекте Аслан Пухаев, Антон Соловьёв және Жақсылық Сәрсенбаев «Азаматтарға арналған үкімет» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізіп, тыйымды заңсыз алып тастауды ұйымдастырған. Осыдан кейін жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер телімін жалған тұлғалардың атына қайта рәсімдеп, сату жоспарланған. Сот кінәлілерді алты жыл алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енді, ал мүлік толықтай мемлекет меншігіне қайтарылды, — делінген хабарламада.
Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерге заңсыз араласуға қатысты әрекеттердің жауапкершілігі жоғары екенін ескертеді.
