Бүгін Италияның Милан және Кортина-Дампеццо қалаларында XXV қысқы олимпиада ойындары ресми түрде басталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
2026 жылғы Милан–Кортина қысқы олимпиадасының ашылу рәсіміне әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысып, өз елдерінің туларын алып шығады. Негізгі салтанатты кеш Милан қаласындағы әйгілі «Сән-Сиро» олимпиадалық стадионында өтеді. Олимпиаданың ашылу салтанатын әйгілі Balich Wonder Studio студиясы ұйымдастырып отыр.
Ашылу салтанаты жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де бір мезгілде бірнеше алаңда өтеді. Қазақстандық көрермендер олимпиаданың ашылу салтанатын Астана уақыты бойынша сағат 23:50-ден бастап Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.
Олимпиада ойындарында 116 медаль сарапқа салынады. Жалпы сайысқа әлемнің 93 мемлекетінен 3 500-ден аса спортшы қатысады. Италияға Қазақстаннан 36 спортшы бара жатыр.
Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығына жоспарланып отыр.
Еске салайық, Қазақстанның туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың Италияда өтетін қысқы олимпиада ойындарында киетін формасын таныстырған еді.
