Қарағандыда әуесқой хоккейші матч кезінде қаза болды

Қарағандыда өткен әуесқой хоккей матчында қайғылы жағдай тіркелді. Ойыншылардың бірі мұз айдынында қайтыс болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оқиға сенбі күні Түнгі әуесқой хоккей лигасы аясында ұйымдастырылған матч барысында болған. Кездесу басталар алдындағы салтанатты сапқа тұру кезінде хоккейшілердің бірінің жағдайы кенеттен нашарлап, ол есінен танып, мұз үстіне құлаған.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ekaraganda.kz Караганда (@ekaraganda.kz)

Оқиға орнында болғандар бірден алғашқы медициналық көмек көрсетуге әрекет еткен. Жедел жәрдем бригадасы шақырылғанымен, дәрігерлер келгенге дейін ер адам көз жұмған. Медициналық қызметкерлер өлім фактісін ғана тіркеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм 46 жастағы «СКА-Приозерск» командасының ойыншысы болған. Ол Ресей Федерациясының азаматы, Қарағанды қаласына қызметтік іссапармен келген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол кәсіби спортшы емес, басқа қатысушылар секілді әуесқой деңгейде хоккеймен айналысқан.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы қайғылы жағдайды растады. Қазіргі уақытта ер адамның қайтыс болу себептері анықталып жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.