Қаржы мониторингі агенттігі блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жариялады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабаралап отыр.
Оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Блогер заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген.
Күдікті бес жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде, qais_arr атауымен (2,4 миллион жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сонымен қатар Telegram-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған. Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Pinco сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен, – делінген хабарламада.
Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивіне тыйым салынды.
Еске салайық, бұған дейін миллион аудиториясы бар қазақстандық блогерге іздеу жарияланғаны хабарланған едік.
