Қазақстанда 9 энергетикалық нысан апаттық аймақтан шығарылды

Үкімет Кентау, Риддер және Екібастұз станцияларын қоса алғанда, жиі істен шығатын тоғыз энергетикалық нысанды «қызыл аймақтан» шығарды.

Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов БАҚ өкілдеріне арналған брифиңде айтты.

Министрдің айтуынша, биыл тозығы жеткен бірқатар энергия нысандарына инвестиция тартылып, ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде электр стансаларының техникалық жағдайы жақсарып, апаттық тәуекелдер азайған.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты енгізілгеннен кейін электр стансаларын жөндеуге бағытталған капиталдық инвестициялар 20% артты. Ұзақ жылдардан бері алғаш рет ел бойынша жылу электр орталықтары жабдықтарының жалпы тозу деңгейі төмендеп, 61% болды, – деді Ерлан Ақкенженов.

Министр барлық жоспарланған жөндеу жұмыстары толық орындалғаннан кейін, Кентау, Риддер және Екібастұз станциялары сияқты барлығы тоғыз энергетикалық нысанның тәуекел деңгейі жоғары «қызыл аймақтан» шығарылғанын атап өтті.