«Қазгидромет» РМК қыркүйек айының соңғы күніне арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің солтүстік және орталық өңірлерінде күздің салқыны күшейіп келеді. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында түнде 1-6 градус аяз, күндіз 2-8 градус жылы күтіледі. Кей жерлерде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, тұман түсіп, көктайғақ байқалады. Астанада да аздап қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы түнде -3, күндіз +5 градус шамасында болады.
Алматы, Жетісу және Абай облыстарында жауын-шашын болжанған, таулы аймақтарда қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі. Күндізгі температура 8-20 градус аралығында, ал таулы өңірлерде 5-12 градус қана жылы болады. Алматыда күндіз +21…+23°С күтілсе, Талдықорғанда +18…+20°С шамасында болады.
Оңтүстік өңірлерде ауа райы салыстырмалы түрде жылырақ. Түркістан мен Жамбыл облыстарында жаңбыр мен найзағай болып, күндіз +20…+25°С аралығында жылы болады.
Шымкент пен Таразда күндіз 22–25 градусқа дейін көтеріледі. Ал Қызылорда облысында негізінен жауын-шашынсыз, күндіз +17…+19°С жылы.
Батыс Қазақстанда ауа райы құбылмалы. Орал мен Ақтөбеде түнде аяз болуы мүмкін, күндіз +7…+12°С шамасында. Атырау мен Маңғыстау облыстарында шаңды дауыл байқалады, кей жерлерде жаңбыр жауады. Ақтауда күндіз +17…+19°С, Атырауда +12…+14°С күтіледі.
