2017 жылы Алматы облысында сенімгерлік басқаруға берілген су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы жоғарғы сот хабарлап отыр.
Жоғарғы соттың мәліметінше, 2017 жылы «Ворошиловское» су қоймасы 49 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға жеке кәсіпкерге берілген. Бірақ 2021 жылы кәсіпкер қайтыс болғаннан кейін су қоймасын басқару құқығы қосымша келісім негізінде мұрагер ретінде оның жесіріне өткен.
Алайда сенімгерлік басқару келісімі мен бизнес-жоспар талаптарының нашар орындалуы, тиісті бақылаудың болмауы және тиімсіз басқару салдарынан 2024 жылы су қоймасының бас бөгеті жарылып, мемлекет меншігіне едәуір шығын әкелді. Сонымен қатар су қоймасының мұрагері қаржы басқармасының бірнеше рет шағымдарына дұрыс жауап бермегендіктен, басқарма сотқа талап арызбен жүгініп, су қоймасын коммуналдық меншікке қайтаруды талап еткен.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарап, сенімгерлікпен басқарушының қайтыс болуы онымен жасалған сенімгерлік басқару шартын бұзуға келісті. Нотариустың мұрагерлерге мүлiктiк емес құқықтарды су қоймасына беру жөнiндегi нотариаттық әрекеттер жасауға құқығы жоқ, өйткенi оларда мұндай құқықтар болмаған, — делінген хабарламада.
Осылайша сотқа жіберілген талап ішінара қанағаттандырылып, шешім қабылданды.
2017 жылғы сенімгерлікпен басқару шарты жеке кәсіпкердің қайтыс болуына байланысты бұзылды. 2021 жылғы қосымша келісім жарамсыз деп танылды. Су қоймасына қатысты әйелге берілген мұрагерлік құқығы туралы куәлік жарамсыз деп танылды. Сот әйелге су қоймасын коммуналдық меншікке қайтаруды міндеттеді. Осылайша, мемлекеттік меншікке құқықтарды заңсыз беру бөлігінде мемлекеттің заңды мүдделері қалпына келтірілді, — делінген хабарламада.
Шешім заңды күшіне енді.
