Алматының Наурызбай ауданында арық жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта ауданның 348 көшесінің 105-інде арық бар, олардың жалпы ұзындығы 108 шақырым.
Қарқынды өсіп келе жатқан тұрғын аймақтарды ескере отырып, 2026 жылы 31 шілдеге дейін Экология және қоршаған орта басқармасымен бірлесіп, 20 көшеге жаңа арықтар салу және арық арналарынан өтетін 12 жаяу жүргінші мен көлік өткелін қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар су тасқыны қаупін азайтып, жол жабындысын сақтауға, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Ауданның негізгі бөлігін қамтитын жұмыстар қазір «Қалқаман» шағынауданында қолға алынған.
