Биыл іздеуде жүрген 2,5 мың қылмыскер ұсталды

Биыл полицияның жедел уәкілдері 2,5 мың іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады, оның ішінде 34 кісі өлтіруші, 17 қарақшы, 84 тонаушы, 10 бопсалаушы, 11 зорлықшы, 87 есірткі қылмыскері бар.

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Мысалы, осы жылдың шілде айында Шымкентте жедел-іздестіру іс-шаралары барысында біздің қызметкерлер 2018 жылы Дубайда кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген ер адамды ұстады. Сонымен қатар Таразда 2022 жылғы қарашадан бастап Қарағанды облысының полиция департаментімен кісі өлтіруге оқталғаны үшін іздеуде жүрген екі азамат құрықталды, – деді ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Қылмыскерлерді іздеу тек ел аумағымен шектелмейді. Іздестіру жұмыстары басқа мемлекеттерде де жүзеге асырылады. Бұл ретте интерполдың ұлттық орталық бюросының мүмкіндіктері кеңінен қолданылады.

Сонымен қатар ТМД-ға қатысушы елдердің аумағында жылына екі рет “Іздестіру” операциясы жүргізіледі.

Елден тыс жерлерде жыл басынан бері 70 қылмыскерді ұстап, одан бөлек тағы 36 іздеуде жүрген адамды анықтадық. Олар АҚШ, Швеция, Германия, Түркия, сонымен бірге өзге де алыс-жақын елдерде табылды, – деді Руслан Назаров.

Қазақстан ІІМ жедел-іздестіру топтары шетелде 34 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз кеткен бір адамды тапты. Ал Қазақстан аумағында басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен іздеуде жүрген 374 қылмыскер табылды.

Мәселен, біздің жедел-іздестіру тобымыз қараша айында Грузия қалаларының бірінде 2019 жылғы сәуірден 2020 жылғы ақпанға дейін қаржы пирамидасын құрған және басқарған күдіктіні ұстады. Ол азаматтарға 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірген, – деді спикер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да