1 маусымнан бастап Қазақстанда «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасы өткізіліп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ол республика аумағында қарасораны өсіруге, дайындауға және елдің оңтүстік өңірлерінен әкетуге қарсы, сонымен қатар есірткіні, олардың жаңа түрлерін таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған.
«Қарасора» арнайы операциясы өткен бір ай ішінде полицейлер 221 қылмысты анықтады, оның ішінде: 83 өткізу фактісі, 29 аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтау фактісі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 82 фактісі, төрт есірткі зертханасы анықталды. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 614 келі марихуана, 29 келі гашиш, төрт келі синтетика және шамамен бір келі героин бар.
