Қаза болған орманшылардың отбасы мүшелері ұшақпен тегін ұша алады

Семей орманындағы өртті ауыздықтау кезінде қаза болған орманшылардың отбасы мүшелері жыл соңына дейін FlyArystan компаниясының ұшақтарымен тегін қатынайды.

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» компаниясының Telegram-каналы хабарлады.

Қаза болған отбасылардың мүшелеріне Семейден Астана, Алматы, Шымкент қалаларына және кері бағытта 2023 жылдың соңына дейін тегін жүру мүмкіндігі берілді. Жалынды ауыздықтауға қатысып жатқан өрт сөндірушілерге біржолғы тегін ұшулар ұсынылды.

Сонымен қатар авиакомпания Алматы мен Астанадан гуманитарлық жүктерді жеткізуге дайын, — делінген хабарламада.

Қаза болған орманшылардың отбасылары, өрт сөндіруге жұмылдырылған мамандар, гуманитарлық жүкті жинаумен айналысып жатқан волонтерлер [email protected] электрон мекенжайына жаза алады.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.

14 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Алапат өртпен күрес әлі жүріп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да