Президент Қарағандыдағы бірқатар автожол құрылысы бойынша тапсырма берді

Облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80% құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ көш бастап тұр. Сонымен қатар осы бағытты одан әрі дамыту үшін облыстың мүмкіндігі мол. Биылғы шілдеде өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау жұмыстарына баса мән беру қажеттігі туралы айттым. Күрделі геосаяси ахуалға және әлемдік экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан әрі арта түседі,- деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Қарағанды облысындағы маңызы бар бірқатар автожол құрылысы бойынша тапсырмалар берді.

Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын, — деді президент.

Оның айтуынша, «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды.

Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сонымен бірге «Қарағанды – Қарқаралы» тасжолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет, — деді Тоқаев Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесу барысында.