Қазақстанда биылғы шілде айында 11,6 мың жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылған. Бұл ретте 2021 жылғы шілдемен салыстырғанда 9,1% артты.
Қазақстанда шілдеде сатылған жаңа көлік саны бойынша Chevrolet маркасы көш бастады. 4 мың автомобиль өткізіліп, 2021 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 29,4% өсті.
Одан кейінгі орында 2,6 мың көлігі сатылған Hyundai ( 29,6% өсті) тұр. Осы үштіктің құрамына Kia маркасы да енген, 1,4 мың жаңа автомобиль өткізілді.
ТОП-5 арасында Toyota (903 автокөлік, былтырға қарағанда 24,7% аз) және Lada (675 автокөлік, 30,3% артық) бар.
LMC Automotive мәліметінше, биыл шілдеде әлем бойынша жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техниканың сатылымы 6,9 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы шілде айына қарағанда 5,8% көп. Осы орайда негізгі өсім Қытайға тиесілі болды. Бұл елдің үлесінде сатылымның үштен бір бөлігі қамтылды, яғни шілдеде 2,5 миллионға жуық жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техника өткізілді.
Одан кейінгі орында тұрған АҚШ-та 1,1 миллион жаңа автомобиль сатылды. Дегенмен 2021 жылғы шілдемен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11,6% аз болды.
Ал Батыс Еуропадағы жаңа көліктерді саудалау деңгейі 8,9% азайған, шілде айындағы көрсеткіш – 910,1 мың көлік.
Автомобиль өндірісінде бөлшектердің тапшылығы жаңа көліктерді жеткізу көлемін қалпына келтіруге тосқауыл болып тұр.
Еуропа бизнесі қауымдастығының мәліметінше, 2022 жылдың шілдесінде Ресейде жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техниканың сатылымы 32,4 мыңды құрап, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда 74,9% аз болды. Ал Беларусьте осы көрсеткіш бірден 79,4%-ға, 837 автокөлікке дейін төмендеді.
