Алматы облысында жаңа босанған аналар Pfizer вакцинасын салдырды

Алматы облысында 15 қарашадан бастап 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер арасында вакцинация жұмысы басталды.

Облысқа барлығы 46 800 доза «Комирнати» вакцинасы келіп түсті. Бүгінде вакцинацияланған тиісті контингент саны — 1 980 адам. Оның ішінде, 1673 жасөспірім, 43 жүкті әйел және лактация кезеңінде 264 әйел екпе алды.

Жасөспірімдерді вакциналау тек ата-аналарының немесе заңды өкілдердің келісімімен жүзеге асырылатынын ескертеміз. Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан хабарламаға сәйкес, Алматы облысы халықты вакциналаумен қамту деңгейі бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр.

Бүгінде өңірде вакцинаның алғашқы дозасын алғандар саны 851 429 адамға жетті, бұл 71%. Толық курстан өткендердің саны – 778 939 азамат немесе бұл иммундауға жататын ересек тұрғындардың 65 пайызы деген сөз. Қазіргі уақытта облыста «Спутник V», QazVac және Sinopharm вакцинасы бар.

Айта кету керек, Ақсу және Балқаш ауданының тұрғындары короновирус инфекциясын қарсы 100% егілген. Өңірде вакцинация жұмыстары алгоритмге сәйкес жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша 318 егу пункті ашылды, оның ішінде 76-сы – жылжымалы, 71-і мобильді бригада және 17 жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылған. Облыс бойынша мектеп қабырғасында 338 егу кабинеті жұмыс істейді.