Екібастұзда пара алды деген күдікпен әкім орынбасары ұсталды

Павлодар облысында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Олар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігерлік ұйымдардан жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді, − деп жазылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Telegram каналында.

Одан өзге, Қостанай облысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы бөлімшелерінің бұрынғы басшылары ұсталды.

Олар азаматтардан жол қозғалысы ережелерін білу емтиханынан өткені туралы бланкілерді ешқандай сынақсыз берегін үшін ақшалай сыйақы алатын ұйымдасқан топты құрып, басқарып отырған деген күдікке ілінді. Ұйымдасқан топтың әрекетінен жол ережелерін білмейтін жүргізушілер көлік тізгіндеу құқығына ие болған. Бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, – деп жазады агенттіктің баспасөз қызметі.