Басты бетЖаңалықтарМинистр Алматы...

Министр Алматы марафоны кезінде ұсталған адамдар жөнінде түсінік берді

Үкімет отырысының кулуарында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы марафоны кезінде ұсталған адамдар жөнінде түсінік берді.

Марафон кезінде Ася Төлесова мен Бейбарыс Толымбаев деген азаматтар «Шындықтан қашып құтыла алмайсың» («От правды не убежишь») деген жазуы бар плакат алып шыққан.

Марафон кезінде плакат ұстағандар
Фото: Zakon.kz

Кеше екі азамат ұсталды. Білесіздер ме, Алматыда марафон болды, 17 мың адам қатысқан қалалық үлкен марафон. Бұл тасжолдың бойында екі азамат — Толымбаев пен Төлесова плакат ұстады. Олар митингілер, шерулер мен демонстрациялар өткізу туралы заңнаманы бұзды, оның үстіне, плакатты көрсету кезінде адамдар тоқтап, видеоға, фотоға түсіріп, марафонға кедергі келтіріп жатты, — деді ол.

Министрдің айтуынша, осыдан кейін ол екі адам ұсталып, сотқа жеткізілді, сот шешімімен олар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ерлан Тұрғымбаев азаматтардың плакаттағы ұран үшін емес, спорт шарасын өткізуге кедергі келтіргені үшін ұсталғанын нақтылады.

Саяси ұран болмады… Сайлаудың не қатысы бар? Спорт шарасы өтіп жатқан еді. Ол алдын ала жоспарланған шара, қалада афишалары болды. 17 мың спортшы қатысты. Сол кезде екі адам плакат жайып, спорт шарасын өткізуге кедергі келтірді. Бұл заңды бұзу емес пе? Бұл — заңды бұзу. Олар сол үшін ұсталды, сотқа жеткізілді, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 488-бабы бойынша әкімшілік қамауға алынды, — деді министр.

Айта кетейік, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 488-бабы — Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу. 

ДереккөзZakon.kz