Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялар мен мемлекеттік органдар өкілдерін қатыстырып, отырыс өткізді. Онда Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысатын кандидаттардың мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне қатысты және кандидаттардың тіркеудің басқа да талаптары талқыланды.
ОСК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді қаншалықты еркін меңгергенін (Конституцияның 41-бабының талабы) Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен құрылған құрамында тіл және өзге де сала мамандары бар кем дегенде 5 адамнан тұратын лингвистикалық комиссияның қорытындысы анықтайды.
Орталық сайлау комиссиясы Білім және ғылым министрлігімен, жетекші университеттер ректорларымен кеңес өткізіп, лингвистикалық комиссияның құрамына мына азаматтарды ұсынды:
Жолдасбеков Мырзатай Жолдасбекұлы |
— филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі (келісім бойынша), төраға; |
Ахметов
Әділ Құрманжанұлы |
— филология ғылымдарының докторы, профессор, — Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі (келісім бойынша); |
Есім
Ғарифолла |
— философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (келісім бойынша); |
Қасқабасов
Сейіт Асқарұлы |
— филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (келісім бойынша); |
Құрманбай
Гүлтас Сайынқызы |
— педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Назарбаев Университеті» ДББҰ «Рухани жаңғыру» Мәдени орталығының директоры (келісім бойынша); |
Қажыбек
Ерден Задаұлы |
— филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры (келісім бойынша). |
Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияны құру туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 6/263 қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулысымен лингвистикалық комиссия құрамы бекітілді.
«Сайлау туралы» заңның 54-бабының 2-тармағы бойынша президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеруін анықтау тәртібі Орталық сайлау комиссиясының шешімімен айқындалады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» 1998 жылғы 9 қазандағы №280 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағы нормасының «мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген бөлігін «қазақ тілінде сауатты түрде оқиды, жазады, өз ойларын қиналмай оңай жеткізеді және көпшілік алдында сөйлей алады» деп ұғу керек деп анықталған.
ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін:
1) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу;
2) лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу;
3) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында 15 минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етіледі.
Жазбаша жаттығу, қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларын оқу және еркін тақырыпқа сөйлеу үшін бірнеше тақырыптарды лингвистикалық комиссия алдын ала айқындайды, үміткер емтихандағыдай тапсырмалардың үш түрінің әрқайсысынан бір бірден таңдап алады.
Емтиханның әр кезеңіне дайындалу үшін президенттікке кандидатқа жеткілікті уақыт беріледі. Жазбаша тапсырмаға қажет болған жағдайда жарты сағатқа ұзарту мүмкіндігімен бір сағаттан кем емес уақыт беріледі. 15 минут көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалуға 1 сағаттан кем емес уақыт беріледі.
Лингвистикалық комиссияның отырысы ашық және жариялы болады.