«КТК» телеарнасының хабарлауынша, Артем мен Виктория Соколовтар үшін мектепке басқаша қатынаудың амалы жоқ. Балалар экстремал жағдайға үйреніп кеткен. Өзеннен өткеннен кейін аялдамаға келіп, ары қарай автобусқа отыруы керек.
Ертісте су деңгейі көтерілгенде балаларды сабаққа мүлдем жібермейміз. Су электр станциясынан су жіберілгенде толқын қатты болады, — дейді балалардың әкесі Игорь Соколов.
Соколовтар Водный елді мекенінен басқа жаққа қоныс аудара алмай отыр. Мұндағы баспана отағасына мұраға берілген. Үйдің үлкен балалары қаладағы мектеп-интернатқа жатқызылған. Ал бастауыш сыныпта оқитындарына ол жерден орын табылмаған. Көпбалалы отбасы бірнеше жылдан бері баспана кезегінде тұр.
Балалардың анасы Татьяна ауруханада санитар болып жұмыс істейді. Ол қайық есуді үйреніп алған. Балаларды өзі өзеннен өткізіп береді.
Водный елді мекеніндегі тұрғындар Ертіс жағасына қолдан айлақ жасап алған. Қайықтар да қолдан жасалған. Кәсіпкерлерге бұл жерге моторлы қайықтарды іске қосу қолайлы емес. Өйткені күніне он шақты адам ғана өтеді. Жергілікті билік тұрғындар үшін көпір салып беруге уәде еткен.
Бұл бағытты қарастырамыз. Қозғалыс нақты бір кесте бойынша іске асырылуы үшін жеке кәсіпкерлердің бірімен келісім жасауымыз мүмкін, — дейді Өскемен әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Тұрсымбетов.