Мемлекеттік органдар мен соттың әділетсіз шешімінің құрбаны болғандар адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгіне алады. Baribar.kz адам құқығы мен бостандығын қорғайтын 4 ірі халықаралық ұйым туралы мәлімет береді.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі басқармасы – БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы жетекші құрылымы. Басқарма адам құқықтарын қорғау, оның бұзылуын әшкере етумен халықаралық дәрежеде айналысады. Штаб-пәтері Женевада орналасқан. Басқарма адам құқығы туралы білімді жетілдіріп және оны сақтау үшін БҰҰ шеңберіндегі әріптестерінен басқа, Үкіметтермен, Парламенттермен, сот және құқық қорғау органдарымен, түрме қызметкерлерімен, ұлттық құқық қорғау мекемелерімен, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтасады. Әр елдің билік органы азаматтарының құқығын қоғауға негізгі жауапкершілік алатыны белгілі. Бірақ өз елінің мемлекеттік мекемелерінен, сотынан әділдік көрмедім деген жеке тұлға БҰҰ адам құқықтары жөніндегі басқармасының көмегіне жүгіне алады. Байланысу үшін infodesk@ohchr.org поштасына хат жолдауға болады.

IFEX (Халықаралық сөз бостандығын қорғау қауымдастығы) – сөз бостандығын қорғаумен айналысатын тәуелсіз ұйым. Негізгі басқармасы Канаданың Торонто қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта әлемнің 70-тен астам елінде IFEX-ке мүше 100-ден астам ұйым адамның негізгі құқығы ретінде сөз бостандығын қорғап, ынталандырумен айналысады. Бұл ұйымның Қазақстандағы мүшесі – Adil Soz халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры. IFEX адамдардың сөз бостандығына, еркін пікір айтуына қатысты оқиға мен мәселелерге бейжай қарамайды. Ұйымның сайтындағы, электрон бюллетені мен арнайы есебіндегі ақпарат ағылшын, испан, араб және француз тілдерінде қолжетімді. Ұйыммен байланысу үшін info(@)ifex.org поштасына хат жазуға болады.

Human Rights Watch, HRW – адам құқығының бұзылуын мониторингілеуді, тергеуді және құжаттауды жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйым. Штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан. Ұйым адам құқығы мен бостандығының бұзылуына, соның ішінде, өлім жазасына, жыныстық кемсітушілікке қарсы әрекет етеді. HRW дін мен баспасөз бостандығын қолдайды. Ұйымның Нью-Йорктегі кеңсесімен байланысу үшін мына сілтемені басыңыз.

Amnesty International – әділетсіздікпен күресетін жаһандық қозғалыс. Қозғалыстың 7 миллионнан астам мүшесі бар. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан. Оның сарапшылары әлем елдері мен үкіметтеріндегі адам құқығының бұзылуын зерттейді. Талдаулары билік органдарының, компаниялардың немесе басқа да құрылымдардың дұрыс шешім шығаруына әсер етеді.