GreenWell Mechanics компаниясы Күн энергиясы арқылы жылыту жүйесін өндірді. Бұл технологияның пилот жобасы аяқталды, компания нарыққа кіруді жоспарлап отыр. Бүгінде Іле ауданы Байсерке ауылында GreenWell Mechanics компаниясының полигоны орналасқан. Командада жобаның жетекшісі Мәдина Тұңғатарова, идея авторы, негізгі орындаушысы Бақытжан Ахметов, коммерция жөніндегі маман Олег Ким, ғылыми қызметкер Аманкелді Төлеуханов, инженер-технолог Бақытнұр Берденова, докторант Таңнұр Аманжолов және магистранттар — Болысбек Дәрежат, Арайлым Қырғызбаева бар. Олар Baribar.kz сайтына Күн энергиясын жылыту жүйесінде қалай қолдануға болатынын, оның ерекшеліктері мен нарықтағы орнын айтып берді.

Күн энергиясын жылыту жүйесінде қолдану технологиясы қалай жұмыс істейді?

Күн энергиясы

Күн күндіз шыққанымен біз жылуды көбіне кешке қолданамыз. Сондықтан оны сақтап, кешке пайдалану тиімді. Мысалы, ыстық шай құйып қойсақ, ол шамамен 20 минуттан соң суиды. Жылуын неғұрлым көбірек ұстау үшін шайдың сыртын жылу өткізбейтін материалмен орасақ, не болмаса термосқа құйсақ, жылу әлдеқайда ұзақ сақталады. Күн энергиясымен жылыту жүйесін қолдану технологиясы да осы қағидамен жұмыс істейді. GreenWell Mechanics жылуды неғұрлым ұзақ сақтаудың амалдарын қарастырып, тиімдісін қолданады.

Технологияның негізгі құралдары: жылу сақтауға арналған бөшкелер, Күн коллекторлары мен ұңғымалар. Күн коллекторлар арқылы бөшкелерді және ұңғымаларды қыздырады. Жазғы уақытта 60-70 градусқа қызатын бөшкелер мен ұңғымалар жылуды жинап, оны жылыту жүйесімен тікелей ғимараттарға жібереді.

Күн энергиясы
Ұңғымалар

Бөшкелер жылуды уақытша сақтайды. Ал жер астындағы ұңғымалар жылуды ұзақ мерзімге сақтайды. Жазда адам жылуды көп қажет етпейтіндіктен жылу қызған бөшкелерден ғана алынады да, қалғаны ұңғымаларға жіберіледі. Ал қыста Күн жерден алыстай түсетіндіктен оны сақтау әдісі өзгеше. Салқын кездері жылу әлдеқайда көп қажет болғандықтан күні бойы қыздырылған бөшкелер мен Күн коллекторы жинаған жылу бірге қолданылады.

Мысалы, белгілі бір тұрғын үй не мекеменің жанына Күн коллекторлары орнатылады. Оған жақын маңда жер астына темір құбырлардан тұратын ұңғымалар орналастырылады. Ұңғымаға Күн түскен кезде ішіндегі сұйықты қыздырып аламыз да, бөшкелерге жібереміз. Сөйтіп жылуды тікелей бөшкеден қолданысқа жібереміз. Ал қалдық жылуды жердің астына тастай береміз, — дейді жобаның авторы Бақытжан Ахмет.

Күн энергиясы
Ұңғыма қазу процесі

Байсеркеде бұл технологияның пилот жобасын сынақтан өткіздік. Оны іске асыру үшін әрқайсы 5 тонна болатын екі үлкен бөшке, 19 ұңғыма, 14 Күн коллекторы мен кеңсе ғимаратын пайдаландық. Технологияны тестілеу кезінде ғимаратты жыл бойы Күн энергиясымен жылыттық. Практика әрқашан теориядан өзгеше болады. Сондықтан іс жүзінде қатемізді түзеп, жобаны жетілдірдік, — дейді Мәдина Тұңғатарова.

Күн энергиясы
Мадина Тұңғатарова. Фото жеке архивінен

Технология қанша тұрады?

Нақты бағасы жоқ. Себебі бұл стандартталған технология емес, бәрі есептеліп, әр ғимараттың ерекшелігі ескеріліп, жеке-жеке қарастырылады. Жылу өткізу жүйесі, құрылғылар мен олардың параметрі бағаға әсер етеді. Сонымен қатар технологияның құны орнатқалы жатқан ғимараттың тарихи деректері мен сапасына, орналасу аймағы мен Күннің қалай түсетініне, қандай материалдан жасалғанына, оның көлеміне де байланысты.

Мысалы, полигонда сынақтан өткізген офистің көлемі шамамен 300 шаршы метр болды. Оған арнап орнатқан 5 тонналық екі бөшке мен 19 коллектор, ұңғымаларымыз жеткілікті болды. Әрине, Күн энергиясын қолдану технологиясының басқа да бөлшектері бар. Оның бәрін сынақ кезінде анықтап, қалай қолданған жөн екенін түсіндік, — дейді жобаның коммерция жөніндегі маманы Олег Ким.

GreenWell Mechanics жақын арада жұмысын өнеркәсіп, өндіріс мекемелері мен жылыжайлардан бастағалы отыр. Компания Қазақстанның оңтүстігіндегі темірбетон бұйымдарын өндіретін зауытпен келісімшартқа отырмақ. Өндіріс орны мен жылытатын аймақ толық қарастырылып, жобаның нобайы әзірленіп жатыр.

Біз бұл жобада 80% үнем эффектісін мақсат еттік. Басқаша айтқанда, технологияны орнатудың бағасын есептемегенде, зауыт жыл сайын жылуға 80%-ға азырақ ақша төлейді. Өтелім мерзімі 3-3,5 жыл деп шамалап отырмыз, — дейді Олег Ким.

Жүйенің 80%-ы Күн энергиясымен, 20%-ы газ не электрмен толықтырылады. Бұл технологияның бағасын төмендетуге көмектеседі. Мысалы, әдетте бір жылда ғимаратты жылыту үшін жылына бес тонна көмір кетсе, мына технологиямен тек жарты тонна көмір қажет болады. Әрі үнем, әрі қоршаған ортаға залалы әлдеқайда аз.

Күн энергиясы
GreenWell Mechanics командасы

Газбен де дәл солай. Ғимаратты бір жыл жылыту үшін шамамен 20 текше метр керек болса, GreenWell Mechanics технологиясымен жылудың 80%-ын Күннен, қалғанын 2 текше метр газбен толықтырып отыруға болады. Осылайша ауаға бөлінетін улы газ мөлшерін азайтуға болады.

100% тек Күн энергиясымен ғана жылу беруге болады. Ол ғимараттың қандай материалдан салынғанына байланысты. Ескі ғимарат болса, шығын көп. Ал жаңа ғимарат жылуды жақсы сақтайды. Соған байланысты біздің технология да арзанырақ болады. Оның үстіне, Күн энергиясын жылу ретінде қолдануды көбейтсек, импортталатын газдан бас тартып, көмір тасымалы да азаяр еді, — дейді Бақытжан Ахметов.

Күн энергиясы
Бақытжан Ахметов. Фото жеке архивінен

GreenWell Mechanics-тің әуелі өнеркәсіп мекемелерімен жұмыс істеуінің де себебі осында. Бұл саланың шығынды азайтып, энергия үнемдеуге толық көшкені дұрыс.

Команда жобаны көпшіліктің қолдануына ұсынып отыр. Сонымен бірге мемлекеттен жобаға қолдау күтеді.

Күн энергиясы, Greenwell
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір Күн энергиясын жылуға айналдыратын компания жоқ, демек, нарықта бәсекелестеріміз де жоқ деген сөз. Сондықтан оны халық арасында танытып, пайдасын көру үшін Энергетика министрлігі технологияны ішінара субсидияласа, жасыл энергияның қолданысы артар еді. Бизнес үшін өзін-өзі ақтау мерзімінің бес жылдан асуы қолайсыз. Мысалы, жылыжай бизнесіне бес жыл бойы технологияның өтелуі тиімсіз. Сондықтан сұраныс тек технология арзандаған кезде ғана пайда болады. Ал қазіргі бағасымен нарықта қарбалас пен үлкен сұраныс жоқ. Сондықтан біз технологияны мемлекетке таныстыру үшін оны арзандатудың, оптимизациялаудың жолдарын жан-жақты қарастырып жатырмыз, — дейді Олег Ким.

Адамзат болашақта энергияның балама көздерін қолдануға көшеді. 2017 жылы елімізде EXPO көрмесі «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтті. Алдағы 20-30 жылда Күн энергиясын қолдану деңгейі артады деген болжам бар.

Еуропада бұл технология жиі қолданылады. Бірақ климатқа байланысты әр елде оның пайдаланылуы әртүрлі. Мысалы, Германияда Күн энергиясын жылу жүйесінде қолдану мемлекеттік дәрежеде қарастырылып жатыр. Бұл технологияның болашағы зор. Бүгін болмаса да, ертең ол Қазақстанға келеді. Сондықтан алдағы уақытта Күн энергиясын жылу ретінде пайдалану технологиясын шетелдіктерден сатып алмас үшін оны қазірден бастап нарыққа өзіміз енгізуіміз керек, — дейді Олег Ким.

Қазақстанда, әсіресе, Алматы мен Нұр-Сұлтанда экологиялық жағдай нашар дәрежеде. Халықтың арасында аллергия мен тынысалу жолдарының аурулары кең таралған. Әсіресе, балалар, иммунитеті әлсіз адамдар созылмалы ауруларға шалдығып жатады. Төмен бағамен алынған көмірді пайдаланамыз деп қымбат дәрі-дәрмек сатып аламыз. Егер ұрпақтың дамуын ескерсек, одан гөрі Күн энергиясы технологиясын қолдануды ойлауымыз керек, — дейді Бақытжан Ахметов.