2019 жылдың алғашқы екі айында пошта мен курьер қызметін көрсету көлемі 5,7 миллиард теңгеге жетті, бұл 2018 жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 11%-ға көп.

Еnergyprom.kz зерттеушілерінің мәліметінше, бұл қызмет түрлерінің үлесі бойынша алғашқы үштікке Алматы (3,1 миллиард теңге, былтырғы екі айдан 2,1%-ға көп), Нұр-Сұлтан (563 миллион теңге, 43,3%-ға көп) және Жамбыл облысы (237,7 миллион теңге, былтырғыдан 2,4 есе көп) кіріп отыр. Республика бойынша көрсетілген жалпы қызмет көлемінің 54%-ы Алматыға, 9,8%-ы Нұр-Сұлтанға және 4,2%-ы Жамбыл облысына тиесілі.

2018 жылы поштамен 18,5 миллион сәлемдеме жіберілген. Оның 469-ы жоғалып кеткен. Поштамен жіберілген сәлемдеме діттеген жеріне жетпегенде қайтеміз?

Бүкіләлемдік пошта одағы сәлемдемелердің 93-97%-ы уақытында жеткізілуі керек деген талап қояды. «Қазпоштаның» көрсеткіші 95% болып тұр.

Бүгінде ұлттық пошта операторының пошта сәлемдемелерін жөнелту жөніндегі өз-өзіне қызмет көрсету желісі 214 супермаркеттен тұрады. Цифрмен жабдықталған 7 кеңсе мен пошта роботы кеңсесі бар. 2018 жылы қазіргі заманғы мұндай орталықтардың қызметін 22 мыңнан астам азамат пайдаланған.

Шалғай ауылдарға хат-хабарламалар мен сәлемдемелер жеткізетін дрондар да жұмыс істейді. 2017 жылы пилотсыз аппараттар 460 сағатта 16 мың шақырымды шарлап, 1150 келі газет-журнал тасыған. 2018 жылы дрондар 10 есе көп қызмет көрсетіпті. 20 дрон-пошташы Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарындағы 150 елді мекенде қызмет етеді. Олар 4 келіге дейінгі сәлемдемелерді жеткізеді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, пошта мен курьер қызметінің жалпы көлемінің 8,1%-ы немесе 462,3 миллион теңгесі ауылдарға тиесілі, көрсеткіш былтырғыдан 38%-ға артқан. Жалпы қызмет көлемінің 91,9%-ы немесе 5,3 миллиард теңгесі қалаларға тиесілі, көрсеткіш былтырғыдан 9,1%-ға көп.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!