Алмалы ауданы аумағындағы бес ірі учаскеде жөндеу жұмысы басталады. Жөндеу кезінде көшелер жабылмайды.

5 сәуірден бастап Алматының бес учаскесінде жол жөндеу жұмысы басталады. Көшелердің жөнделуіне жауапты мекеме – “Алонс” өндіріс-құрылыс фирмасы” ЖШС.

Кәсіпорын өкілдерінің хабарлауынша, биыл Алматының 121 көшесі жөнделеді. Жалпы ұзындығы – 111 шақырым. Бұл көшелер тұрғындардың тозған асфальтқа қатысты шағымы бойынша таңдалған.

Жұмадан бастап Алмалы ауданындағы мына учаскелердің асфальт жабынына орташа жөндеу жасалады:

  1. Абылай хан даңғылы мен Желтоқсан көшесі аралығындағы квартал іші;
  2. Бөгенбай батыр көшесінің Байтұрсынұлы көшесінен №17 үйге дейінгі аралығы;
  3. Наурызбай батыр көшесінің Райымбек даңғылынан Абай даңғылына дейінгі аралығы;
  4. Гоголь көшесінің Назарбаев даңғылынан Әуезов көшесіне дейінгі аралығы;
  5. Қарасай батыр көшесінің Мұқанов көшесінен Розыбакиев көшесіне дейінгі аралығы.

Орташа жөндеу – асфальт жабынын, зақымдалған жиектастарды ауыстыру, аялдама кешендерін орнату, жол төсемін кеңейту немесе тарылту, көлік тұрағы аймақтарын көріктендіру. Жұмыс 20 тамызда аяқталуы керек. Жөндеу кезінде көшелер жабылмайды.

Еске салайық, бұған дейін Жібек жолы, Байсейітова көшелері мен Достық даңғылдарында күрделі жөндеу жасалатыны хабарланған еді. Атап айтқанда, Жібек жолы көшесінің Желтоқсан көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аралығы, Байсейітова көшесінің Қабанбай батырдан Төле биге дейінгі аралығы және Достық даңғылының Қазыбек би көшесінен Құрманғазы көшесіне дейінгі аралығы кезең-кезеңмен жөнделеді.