Нұрсұлтан Назарбаев Алматының қайта жөнделген көшелерін көрді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда жұмыс сапары барысында жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін инфрақұрылымы қайта жасақталған Абай және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылдарын аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына шаһар тіршілігін сәулет-құрылыс жүргізу тұрғысынан реттеу үшін пилоттық режімде енгізілген жаңа дизайын-код әдісі жөнінде мәлімдеді. Бұл әдіс мегаполистің бірыңғай стилін қалыптастыруға арналған әрі бір құжатта нақтыланған ережелер мен ұсынымдарды айқындайды.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев жалпы ұзындығы 8,7 шақырымды қамтитын Тимирязев және Жандосов көшелерінің бойымен тартылған BRT көше-жол желісімен танысты.

Мемлекет басшысы Алматының жаңа заман талабына сай қайта жанданған көшелеріне жақсы баға беріп, қалада «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында көлік-логистика саласының да қарқынды дамығанын айтты.

Көлік-логистика саласының одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін көлік құралдарын басқару арқылы транзиттік әлеуетті арттыруды, ақпаратты жедел өңдеу және оңтайлы әрі ұтымды шешімдерді және басқарушылық ықпалдарды әзірлеу арқылы көліктегі қауіпсіздікті күшейтуді қамтамасыз ететін көлік жүйесін енгізуді қарастыру талап етіледі, — делінген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылатын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында.