Көкшетауда су тасқыны 600-ден астам үйге қауіп төндіріп тұр

2 сәуірде Қылшақты өзенінде су деңгейі көтеріліп, Көкшетаудағы 15 үйдің ауласын басып қалды. Тасқын 600-ден астам тұрғын үйге қауіп төндіріп тұр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтің мәліметінше, 31 наурызда 10-15 сантиметр болып жауған қардың еруінен Қылшақтының Бурабай, Зеренді аудандарының аумағындағы тармақтары тасқынға себеп болды.

Алдын ала дайындалып қойған инерциялы материалдардың, қауіпті учаскелерге топырақ төгіліп, ыдысқаптар төселгенінің, өзен арнасының қоқыстан тазартылғанының, өзеннің Қопа көліне құяр тұсында мұз жабыны бұзылғанының, жағдайдың ушығуына шұғыл әрекет етіп, Иванов плотинасын нығайтқанымыздың арқасында алапат су тасқынынан сақтану және шығын көлемін азайту мүмкін болды, — деді Алексей Советов.

Су тасқыны 5 үй мен 15 ауланы басып қалды. Мамандардың айтуынша, тасқынға Қылшақтының бүйір салаларының жайылуы мен өзеннің Көкшетауға кіреберістегі тұсындағы сужинағыштың өткізу мүмкіндігінің аздығы себеп болды.

Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеді, аулалар судан тазартылып жатыр. Еске салайық, бірнеше күн бұрын Ақмола облысында плотина жарылғаны хабарланған еді. Бурабай мен Зеренді аудандары аумағында жиналған қар суы Қылшақты өзеніне құйылып, Кенесары бөгетін бұзып жіберген. Тасқын Көкшетауға жетіп отыр.