Елбасы кітапханасында көркемсурет мектебі түлектерінің көрмесі өтіп жатыр

Көрме 15 сәуірге дейін жалғасады.

көрме көркемөнер
Фото: Presidentlibrary.kz

Елбасы кітапханасының музейінде Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмесі өтіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасының баспасөз қызметі хабарлады.

“Туған өлкем” көрмесі балалар шығармашылығы мен қосымша білім беру ұйымдарын қолдау бойынша республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылды. Көрмеде елорда тұрғындары мен қонақтары республикадағы балалар көркемсурет мектептері тәрбеленушілерінің үздік дипломдық жұмыстарымен танысып жатыр.

Көрменің салтанатты ашылуы қарсаңында Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебінің педагогтары шеберлік сабақтарын өткізді. “Iclay” сазынан саусақ ойыншықтарын жасау, “Алла прима” техникасындағы акварель майлы бояу, “Жылтыр қағаздағы монотипия”, “Көмірмен сурет салу техникасындағы шарж” атты шеберлік сабақтарына балалар көркемсурет мектептері оқушылары мен Балалар үйінің тәрбиеленушілері қызыға қатысты.

Өткен жылы Семей, Павлодар, Шымкент және Екібастұз балалар көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмелері Елбасы кітапханасында өткен еді. Бұл көрмеде үздік жұмыстардың авторлары арнайы сыйлықтарға, озат педагогтар “Үздік педагог” марапатына ие болды. Биыл Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебінің талантты оқушыларының көрме жұмыстарын ұсынамыз. Сіздерге шын мәніндегі көктем көрмесінен рахат алуларыңызды тілеймін! – деді Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов құттықтау сөзінде.

“Туған жерім” балалар шығармашылығы байқауы қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Нелли Шивринаның айтуынша, көрмеге таңғалдырарлық туындылар ұсынылған.

Көрме балалардың сезімін, әсерін, эмоциясын көрсетеді. Шеберлік сабақтарының да орны айрықша. Бұл жаңа дағдыны үйренуге мүмкіндік береді. Осындай көрмелердің арқасында балалар басқа қалалардағы көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің жұмыстарымен, ал педагогтар әріптестерінің техникасы және тәсілдерімен танысуға мүмкіндік алады. Музейлік көрмеге қатысудың өзі суретші үшін үлкен жетістік деп есептеймін, – деді Нелли Шиврина.

“Туған өлкем” көрмесінде ұсынылған жұмыстар мектепте оқытылатын бейнелеу өнері техникасының сан алуандығын көрсетеді. Көрме ашылуында 30-дан астам дипломдық жұмыс ұсынылды. Бұл көрмеде Қарағанды балалар көркемсурет мектебі педагогтары мен оқушыларының көпжылдық еңбегі көрсетіледі.

Жалпы біздің түлектеріміздің диплом жұмыстарының көрмесі жылдан жылға жинақталып, олардан топтамалар құрылады. Биылғы көрмеге жоғары бағаға ие болған ең үздік туындыларды ала келдік, – деді Қарағанды қаласы №1 балалар көркемсурет мектебінің директоры Дина Кеңесбаева.

Көрмеге №1 балалар көркемсурет мектебінің өткен жылғы түлегі Алика Вагнердің “Эмоциялар” атты дипломдық жұмысы да қойылған.

Алика Вагнер
Алика Вагнер. Фото: Presidentlibrary.kz

Мен әртүрлі эмоцияда болған адамдарды көрсеткім келді. Кез келген зат суретшіге ойындағысын білдіруге көмектеседі. Сондықтан суретші болуға талпынған жас өз сезімін білдіруден қорықпауы тиіс. Өнердің басты бағыты да осыда деп есептеймін, – деді Қарағанды қаласы №38 гимназиясының 9-сынып оқушысы Алика Вагнер.

Көрме 15 сәуірге дейін жалғасады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!