«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында Қазақстанның әлемнің дамыған топ-30 елінің қатарына кіруі үшін денсаулық сақтау жүйесінің көрсеткіштерін жақсарту, прогреске қол жеткізу, халық денсаулығын, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын жақсарту көзделген.

13 жасымда компьютерді шашып, қайта құрастырдым

Біз қазіргі уақытта  IT-медицина, IT-білім саласы бойынша және соған қосымша қаржы, ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Командамда 20-ға жуық адам бар. Олар — Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, СДУ, ҚБТУ және АЭжБУ студенттері. Компьютерге 5-сыныпта қызыға бастадым. Сол кезде ата-анам маған жаңа компьютер алып берген. 7-сынып оқып жүргенде оның құрылғыларын шашып тастап, қайта құрастырып, оған басқа жабдық қосып, іске қосқанды ұнататынмын. Бағдарламалауға 9-10-сыныптарда қызығып, «Паскаль», «С++» тілдерін үйрендім. 10-сыныпта Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде оқимын деп шешім қабылдадым. ҰБТ-да география пәнін таңдағандықтан қаржыгер мамандығының ақылы бөліміне түстім. Бірақ ол жылы оқымадым. Келесі жылы тесті қайта тапсырып, ақпараттық жүйелер мамандығына грантқа түстім. ХАТУ-да студенттердің өз идеяларын жүзеге асырып, әртүрлі жобамен айналысуына жағдай жасалғанына көзім жетті. Бұрын ойыңа келген идеяның бәрін жүзеге асыру мүмкін емес деп ойлайтынмын, бірақ замандастарымның неше түрлі робот, неше түрлі бағдарлама ойлап тауып жатқанын көріп, мен де қоғамға пайдалы зат ұсынғым келді.

Ердәулет Беков
Ердәулет Беков. Фото: Еділ Мұқажан

Әлемде баламасы жоқ дүние жасағым келді

Менің ең алғашқы жобам — үй жануарлары жоғалып кеткен жағдайда тез табуға көмектесетін  GPS-навигатор. Көшеден, дүкендерден адамдардың иті мен мысығын жоғалтып алғаны туралы көп хабарландыруды көріп, мәселенің шешу жолдарын іздедім. GPS-навигаторды жануарға байлап қоямыз, сосын ол жоғалса, мобильдік қосымша арқылы немесе қоңырау шалу арқылы қайда жүргенін біліп алуға болады. Егер жануар иесінен 50 метрдей алыстап кетсе, құрылғы сигнал береді. Осы жобаны дамытып, іске асыра бастағанда бәсекелестерім пайда болды. Сондықтан болар алғашқы жобама деген құлшыныс, қызығушылығым су сепкендей басылды. Менің ойым еш жерде баламасы жоқ дүние жасау болды. Ешкім қозғамаған, ешкім ойламаған жобамен айналысқым келді. Бұл шешімімді жетекшім де қолдады. Сөйтіп жүргенде ауруханаға түсіп қалдым. Мен 16 жасымнан бері қант диабетімен ауыратынмын.

Эндокринология ғылымын зерттедім

Қайда жүрсем де жаңа, ерекше идея іздеп, ой үстінде жүрдім. Ауруханада қант диабетімен ауыратын кішкентай балалардың қан құрамын тексеру үшін саусағын күніне бірнеше рет тесетінін көрдім. Қант мөлшерін білу үшін кемінде 8-10 рет қан алады. Әсіресе, балабақша мен мектеп жасындағы балаларды көбірек тескереді. Ал тексермесе, өміріне қауіп төнеді. Науқас адамның ағзасындағы қанттың мөлшерін білу өте маңызды. Бір күні сондай тексерістен әбден қорқып, жылап тұрған кішкентай қызбен таныстым. Өмірі үшін сырқатымен күресіп, шарасыздықтан жылаған көзіндегі жасты көріп, аяп, қатты көмектескім келді. Оның көңілін аулап, «Қане, екеуміз бірге қан тапсырайық. Егер мендегі қант мөлшері сенікінен көп болса, онда саған қандай да бір сыйлық алып беремін» дедім. Сараптама қорытындысы бойынша мендегі қант мөлшері төмен болды. Кішкентай қыздың көңілін түсіргім келмей, «мен жеңілдім» дедім де, сыйлық алып бердім. Сол кезде менде жаңа идея пайда болды. Өзі әлсіз, аурушаң адамдардың еш жерін зақымдамай қант мөлшерін тексеру жолын таптым. Құлақтың сырғалығына тағатын құрылғыдағы пульс, ультрадыбыс, қысым арқылы адам ағзасындағы қант мөлшерін анықтауға болады. Құрылғыны GlucoWays атадым. Осы жобамен халықаралық жарыстарда жеңіске жеттік. Бірақ маған аяқ астынан операция жасалып, 8 ай көлемінде демалу керек болды. Осы кезде эндокринология ғылымын зерттедім, оқыдым, іздендім, дәрігерлермен кездесіп, семинарларға бардым. Ғылымды толық білемін демеймін, өзіме керегін үйрендім. Зерттеу нәтижесінде қант мөлшерін анықтаудың тағы 7 әдісін таптым. Соның екеуін қазіргі құрылғыда пайдаланамыз. Операциядан кейінгі үзілістен соң жетекшіммен бірге бастаған жобаны өз қолыма алдым. Жобаның бизнес-жоспарын, түйіндемесін жасадым. Бұл жобаны танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген ағамызға көрсеттім, жобаға жақсы лебізін білдіріп, көмектесетінін айтты.

Ердәулет Беков
Ердәулет Беков. Фото: Еділ Мұқажан

Қан құрамындағы қант мөлшерін анықтайтын сағат 2020 жылы шығады

Бұл жобаны дамыта келе GlucoMed сағаты пайда болды. Сағаттың кәсіпкерлерге және балалар мен фитнеске арналған екі түрі шығарылады. Сағат үш түсті көрсетеді. Егер қант мөлшері төмен болса — сары, орташа болса — жасыл, көп болса — қызыл түс жанады. Бұл сағаттар қазіргі таңда жасалып жатыр, жоспар бойынша 2020 жылы сатылымға шығады. Бағасы барлығына қолжетімді болады және алдағы уақытта қант мөлшерін цифрмен көрсететін сағаттар шығарамыз деген жоспар бар. Қазір зерттеуді бастап кеттік. Осы жоба аясында мобильдік қосымша дайындалып жатыр. Қосымшаға дәрігерлер, фармацевтикалық компаниялар мен науқастар онлайн тіркеледі, яғни сол аумақта науқас пен дәрігер бір-бірін тауып, қажет дәрілерін де сол жерден ала алады. Мұны іске асырсақ, медицинадағы ерекше жаңалық болады.

GlucoMed сағат диабет

GlucoMed сағат диабет

Жоба Израиль мен Германияда іске аспады

Қазіргі уақытта бұл сағаттың еш жерде баламасы жоқ. Бұрын Израильде, Германияда пайда болды, қазір ол компаниялар туралы бейхабармын. Олар қант мөлшерін бірден цифрмен көрсетіп, біраз қате жіберді. Себебі — қан құрамын анықтау үшін саусақты тесіп, тексеретін бұрынғы глюкометрдің үш түрі үш түрлі көрсеткіш берді. Ал біздің сағат әркімнің өз глюкометріне байланысты реттеледі. Реттеу мерзімі 2-3 күн алады. Есесіне қанттың көп немесе аз екенін білу үшін бұрынғыдай үлкен аппаратты тасып жүрмейсіз, сағатқа қарап біліп, соған сай дәрумен ішесіз.

Алдағы уақытта 3D-кітап пен карталар сатылымға шығады

Біздің компанияның қазіргі уақытта айналысып жатқан екінші жобасы — 3D-кітап пен карталар. Кітап U’I JANY’ARLARY’ деп аталады. Бұл жоба бұрын «Әліппе 3D» аталды. Қазіргі кітапта үй жануарларының суреті, аттары мен сол туралы аз-маз мәлімет латын қарпімен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған. AppStore және PlayMarket-тен мобильдік қосымшасын жазып алып, пайдалануға болады. Қосымшада баланың ой-өрісін дамытатын ойындар да бар. Кітаптың прототипін дипломдық жұмысымда жасағанмын, содан соң командамызбен 3 ай бұрын қайта қолға алдық. FadeIn деген командамен жұмыс істедік, өте ақылды балалар болды. Кітап алдағы уақытта сатылымға шығады. Бағасы қымбат болмайды.

3D кітап
3D-кітап

GlucoMed туралы идеяма басында ешкім қызықпады

2016 жылы 3 ай жазғы демалысымды Zero To One Labs — мобильдік өнімдер студиясының бас директоры Арман Сүлейменовтің nFactorial Incubator бағдарламалау мектебінде өткіздім. 3 айда дизайн, маркетинг және мобильдік iOS-ті үйрендім. 2 ай бойы оқытып, үйретеді. Соңғы 1 айда мобильдік өнім шығару керек. Ол үшін 150 адамның алдында өз идеяңды айтып, өнімді бірге жасайтын команда жинау керек. Мен GlucoMed туралы идеямды айтсам, ешкім қызықпады. 2 ай бойы сол идеяны ұсындым. Дедлайн жақындағанда Арман аға «Бұл медицинамен айналысу бірден қиын болады. Уақыт аз қалды саған команда жинап үлгеру керек. Бәлкім, басқа идея ұсынып көрерсің», — деді. Ойлана келе This is dop ойынын дайындау идеясын ұсындым. Ғалым Құлын деген бала техникалық жағын қамтамасыз етсе, мен идея авторы әрі дизайнері болдым. Қазір ол ойынды 15 мыңнан астам адам телефондарына көшіріп, ойнап жүр.

Мақсатым — жылына аз дегенде 3 және одан да көп жоба жасау.

Мотиваторларым — ата-анам мен инвесторым

Бірінші қолдаушыларым — үйдегі ата-анам. Олардың маған күш беретін сөзі: «Сен ақылдысың, қолыңнан келеді. Қазір жағдайың қиын болса, ертең соның жемісін көретініңді ұмытпа». Ал кәсіп жүргізуде инвесторымыз Қайрат Құдайберген дұрыс бағдар беріп, көмектеседі. Оның тәжірибесі болғандықтан қандай жобаның қаншалықты күші барын, қандай ауқымға тарайтынын жақсы біледі. Мысалы, жақында мен оған 2 жоба ұсындым. Ол идеямның жақсы екенін, бірақ ауқымы тар, аз пайда әкелетінін айтты.

Ердәулет Беков
Ердәулет Беков. Фото: Еділ Мұқажан

Басты критерий — жобаның қоғамға пайдасы

Инвесторымның жобаны іске асыру үшін қоятын басты критерийі: қоғамға пайдалылығы және ауқымы. Жоба Қазақстанға ғана емес, әлемге пайдалы болуы керек. Мысалы, GlucoMed — халықаралық, әлеуметтік жоба. Себебі, Қазақстанның өзінде 800 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады. Америкада әрбір үшінші адам ауырса, Қытайда бұл ауруға 100 миллион адам шалдыққан.

Қиын нәрсемен айналысқан ұнайды

Маған қиын есепті, қиын мәселені шешкен, жалпы қиын нәрсемен айналысқан ұнайды. Мысалы, күрделі есепті шығаруға бір күн уақытың кетуі мүмкін. Бірақ оның шешімі табылғанда өзімді қаншалықты қинағаным, миымның ауырғаны ұмытылып, рақаттанамын. Оның шешімін таппайынша тыншымай барлық жерде ойланамын. Автобуста ойыңа 3 нұсқа келеді. Оның екеуі келмесе, біреуі сәйкес келіп қалуы мүмкін. GlucoMed солай дүниеге келген. Бастаған жобаларды тастағым келетін кездер болады. Бірақ өзімнің бір сәт көрген қиындығыма бола қоғамға мол пайдасы тиетін жобаны тастай салуға арым жібермейді. Ең бастысы — қандай қиын болса да қорықпау, одан да қиыны кездесетінін ұмытпау.

Күніне 40 минут кітап оқимын

Оқиғасы қорқынышты фильм көрмеймін. Комедия жанрындағы фильмдерді көріп тұрамын. Айына 1 рет кинотеатрға барамын. Күніне 40 минут кітап оқимын. Кейде қатырынан екі түрлі кітап оқуға тырысамын. Қазір мотивация беріп қана қоймай, сол сәттен бастап іске көшуге көмектесетін кітап оқып жатырмын. IT саласы күнде дамиды, тез өзгереді. Онымен ілесіп, біз де білімімізді арттырып отыруымыз керек. 2020 жылға дейін ірі-ірі жобалар дайындаймыз.