Алматыдағы мәдениет және тарих ескерткіштерінің қатары толықтырылады

Legalacts.egov.kz порталында Алматы әкімдігінің 2010 жылдың 10 қарашасындағы «Алматының жергілікті маңызы бар мәдениет және тарих ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» қаулысына толықтыру енгізу туралы қаулысының жобасы жарияланды. Құжат ескерткіштер тізімін 21 нысанмен толықтыруды көздейді.

Жаңадан қосуға ұсынылатын нысандардың қатарында Алматы технология және бизнес университетінің ғимараты, «КИМЭП» университеті» АҚ ғимараты, Әди Шәріпов ескерткіші, Райымбек батыр ескерткіші, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, ҚР Тұңғыш Президенті саябағының кіреберісі мен ондағы монумент ансамблі, «Алматы Арена» мұз сарайы және басқалар бар.

Қаулы жобасы 19 наурызға дейін жұртшылықтың талқысына ұсынылып отыр. Содан кейін Алматының мәдениет басқармасы ескерткіштер тізімін заң тәртібімен әділет органдарына тіркеп, мерзімді басылымдар мен әкімдіктің интернет-ресурсында жариялайды. Қаулының орындалуын бақылау Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа жүктеледі.

Айта кету керек, Алматының тарихи-мәдени мұрасы қатарына қосуға ұсынылған нысандар тізімі 2018 жылдың тамыз айында жасалған еді.

ДереккөзZakon.kz