Қайрат Қожамжаров Сенат депутаты ретінде ант берді

Парламент Сенатының жалпы отырысында Қайрат Қожамжаров жоғарғы палата депутаты ретінде ант берді.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін! — деді Қайрат Қожамжаров.

Қайрат Қожамжаров Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің мүшесі болды.

Еске салайық, 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қайрат Қожамжаров ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған еді. Ол бұған дейін ҚР Бас прокуроры қызметін атқарды.

Парламент Сенатының жалпы отырысында Дархан Сатыбалдының депутаттық өкілеттігін тоқтату туралы шешім де қабылданды. Ол Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалған еді.

ДереккөзInform.kz