Қазақстанда 24 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады?

Мұхтар Тінікеев 24 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады деген сұрақты министрлерге төтесінен қойды.

«Ең төменгі жалақы мөлшері 24 459 теңге. 24 мың теңге деген не? Ең төменгі зейнетақы 28 мың дегенді түсінуге болады. Ата-анамызға көмектесеміз. Жалғызбасты қариялар тамақты аздау жейді, жастарға қарағанда. Ал 24 мың неге жетеді? Осындай мөлшерді бекіткен кезде неге сүйенесіздер? Көптеген жұмыс берушілер салықтан жалтару үшін қызметшілеріне 70-100 мың теңге төлесе, оны ең төменгі жалақы мөлшерімен көрсете алады.Осы жалақыдан зейнетақы алымдары алынады. Жол ережесін бұзсаң, айыппұлы 20 мың теңге. Соны төлесе, қалған 4 мыңға қалай өмір сүреді?», — дейді мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев.

Мемлекеттік қарыз мөлшерін есептегенде, депутаттар сыртқы борышымыздың бірнеше есе артқанын естіп жаға ұстады. Олар қарыз министрлердің есебінде көрсетілген сандардан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтып алаңдаулы.

Өйткені статистикада көрсетілген қарыз мөлшерінде квазимемлекеттік сектор саналатын ұлттық компаниялардың борышы ескерілмеген.

«2008 жылы мемлекеттік кепілдендірілген қарыз 2,2 миллиард болса, бүгінде 32 млдр АҚШ долларынан асты. Қарызға кеткен шығындар 8 есе өсіп, білім беру және медицина сынды салалардың шығындарынан асып кетті. Мемлекеттік қарыздың күрт артуы, бюджеттің тұрақтылығына қатты әсер етеді. Әсіресе Ұлттық қор қаражатын сақтап қалуда қауіпті», — дейді  ҚР мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов.

«Қарыз бойынша өсім бар, ол кірістердің төмендеуімен және бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырумен байланысты. Сондықтан халықаралық қаржы ұйымдарынан жұмсақ қарыздарды аламыз. Әзірге үкіметтің қарызы 21 пайыз, ал мемлекеттің қарызы 24 пайыз деңгейінде. Оның бір бөлігі қысқа мерзімді және Ұлттық банктің операцияларымен байланысты», — дейді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

ДереккөзАстана