Көпбалалы отбасыларға арналған баспана үшін 100 миллиард теңге бөлінеді

Көпбалалы отбасыларға жалға берілетін тұрғын үй салуға 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.

Оның айтуынша, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасында қаражатты 3 бағыт бойынша бөлу көзделеді.

Бірінші бағыт — жалпы сомасы 444,3 миллиард теңгеге «Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы айтқан «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру. Осы қаражат аясында мыналар жоспарланып отыр: азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейту — 224,3 миллиард теңге; аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті кредит беруді енгізу — 100 миллиард теңге; өңірлік инфрақұрылымды дамыту 90 млрд теңге; «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру 30 миллиард теңге, — деді Әлихан Смайылов.

Министр екінші бағыт бойынша «Жастар жылын» өткізу аясында іс-шараларды іске асыру 24,6 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді. Үшінші бағыт бойынша Президенттің 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға 286 миллиард теңге жұмсалады.

Осы қаражат аясында Түркістан облысының және Астананың кешенді даму жоспарларын іске асыру, Астанада ғылыми-онкологиялық орталық салу, «Сарыарқа» газ құбырын салу, сонымен бірге ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты іс-шараларды іске асыру жоспарланып отыр. Президенттің барлық берген тапсырмасы қаржылай қамтамасыз етіледі, — деді Әлихан Смайылов.

ДереккөзInform.kz