Шахмардан Есенов қоры 31 наурызға дейін университеттер арасында ағылшын тілін тегін оқыту бағдарламасы бойынша грантқа байқау жариялады. Бұл бағдарламамен 90 студент, 45 оқытушы, 25 магистрант пен докторант ағылшынды аптасына екі рет 90 минуттан сол тілде сөйлейтіндерден үйренуге мүмкіндік алады. Оқыту екі жылға жалғасады.
Ұлыбританияның Bonas MacFarlane Education тіл орталығынан оқытушылар келіп, грант жеңіп алған университетте сабақ береді. Бағдарлама Алматы мен Астанадан басқа, өңірлік ЖОО-лар арасында іске асырылады.
Қазір ағылшын тілін оқыту бағдарламасы Қызылордада он группадан тұратын 135 адамның қатысуымен өтіп жатыр. Биыл байқауға қатысушылар санын арттырып, 160 адамға ағылшынды тегін меңгеруге мүмкіндік береміз. Ағылшын оқытушылары екі академиялық жыл бойы сол жерде тұрады, сабақ береді, студенттерді дамытады. Барлық шығынды Шахмардан Есенов қоры өтейді. Оқу аяқталған соң біз үздік студенттерге IELTS тестін тегін тапсыруға мүмкіндік береміз. Көптеген студент үшін бұл — пайдалы мотивация. Ағылшын тілін екі жыл бойы тегін меңгеріп қана қоймай, IELTS-ты тегін тапсыру кез келген студент не маман үшін тиімді, — дейді Шахмардан Есенов қорының жоба кординаторы Нұрсұлтан Нұрмұханов.
Барлық өтініш қаралған соң төрт университет таңдалып, олардың курсты өткізуге ұсынатын жағдайлары қарастырылады. Сыныбы, оқытушыларға ыңғайлы жағдай жасала ма, бұл қалада оларға ыңғайлы бола ма — барлығы ескеріле отырып, 30 сәуірде бір университетке грант тағайындалады.
Өтініш үлгісі мен толық ережені мына жерден жүктеп алуға болады. Грантты тағайындау сайысына қатысу үшін университет басшылығы өтініш жіберуі керек. Қағаз нұсқадағы құжаттар талап етілмейді.