Бірінші рет босанайын деп отырған ана перзентханаға қажет заттарды шамадан тыс көп алып қоюы мүмкін. Мұндай жағдай жиі кездеседі. Бірақ гинеколог Гүлсім Аманбаеваның айтуынша, перзентханаға көп зат әкелудің қажеті жоқ. Босанатын әйел үшін ішкөйлек, сүйретпе аяқкиім мен ауызсу, ал бала үшін жөргек, киім-кешек, баскиім, шұлық пен жаялық алу жеткілікті.
Перзентханаға бармай тұрып алдын ала қажет заттарды және құжаттарды дайындап алған дұрыс. Болашақ ана құжаты арқылы ғана босану бөліміне қабылданады және сөмкені керексіз заттарға толтырып алудың қажеті жоқ. Перзентханаға артық зат әкелуге рұқсат етілмейді. Егер өзіңізбен бірге фотоаппарат, бейнекамера алғыңыз келсе, оған да алдын ала рұқсат сұрағаныңыз жөн. Сонымен қатар тамақ алудың қажеті жоқ, өйткені босану мерзімі аралығында тамақ ішуге рұқсат етілмейді. Ал босанғаннан кейінгі кезеңде міндетті түрде қажет болатын заттар: ішкиім көлеміне келетін гигиеналық төсемелер мен сұйық тағамдар. Одан кейін балаға жөргек (подгузник) бумасы (3-6 келі) мен екі-үш дана киім-кешек қажет болады, — дейді гинеколог.
Ең қажет заттардың тізімі
Құжаттар:
- Айырбастау картасы;
- Жеке куәлік пен оның көшірмесі;
- Жұбайының жеке куәлігінің көшірмесі (туу туралы куәлікті жазып беру үшін);
- Неке туралы куәліктің көшірмесі (туу туралы куәлікті жазып беру үшін).
Анаға:
- Ұялы телефон, телефонның зарядтау құрылғысы;
- Халат, ішкөйлек (емізуге ыңғайлы);
- Тәпішке, шұлық;
- Емізуге арналған ішкиім;
- Сүлгі, бірреттік төсек жаялықтары;
- Дәретхана қағазы, иіссабын, тіс пастасы, тіс щеткасы.
Балаға:
- Жөргек — 10 дана (5 жұқа, 5 қалың);
- Көйлек — 4 дана (2 жұқа, 2 қалың);
- Жұқа және қалың баскиім;
- Шұлық, қолғап;
- Нәрестелерге арналған жаялық, дымқыл майлық сүлгі;
- Балаларға арналған сұйық сабын;
- Жаялықтың астынан жағатын крем.
Жаңа киімдерді алдын ала жуып, үтіктеп алған жөн. Кей перзентханаларда матадан тігілген сөмкелерді қолдануға рұқсат жоқ, ол жағдайда сөмке орнына полиэтилен пакет дайындаған дұрыс. Егер қалта көтеріп жатса, перзентханаға арналған заттардың жинағы бар дайын сөмке сатып алуға да болады. Ал перзентханадан шығаруға керек-жарақты сол күні алдыртқан дұрыс. Оған ауа райына сай киімдер мен аяқкиім және балаға комбинезон мен баскиім қажет болады.
Жүкті әйел перзентханаға барғаннан кейін жақындарын қайта-қайта мазаламауы үшін қажет заттарды бір сөмкеге күні бұрын салып қойғаны абзал.