Мейрам қалай пайда болды?
1857 жылдың 8 наурызында Нью-Йоркта аяқкиім және тігін фабрикасының жұмысшы әйелдері наразылық шарасын өткізді. Олар басшылықтан таза әрі жарық жұмыс орындарын, 10 сағаттан аспайтын жұмыс күнін, еңбекақысының ер-азаматтардікімен бірдей болуын талап етті.
1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференцияда өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин Әйелдердің халықаралық күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керек екенін айтты. Оның ұсынысы әйел құқығын қорғауға бағытталған үлкен ұран ретінде қабылданды. Бұл ұранға өзге елдердегі әйелдер де үн қатып, татулық, құрмет, құқық үшін күреске қосыла бастады.
Алғаш рет бұл мереке 1911 жылы 19 наурызда Австрия, Дания, Германия және Швейцария елдерінде тойланды. Мерекені атап өту 1912 жылдың 12 мамырында жалғасын тапты. 1913 жылы 2 наурызда Франция мен Ресейде әйелдер алғаш рет шеруге шықты. Мұндай шерулер Австрия, Чехия, Швейцария, Венгрия, Нидерландыда да болды. 1914 жылы Әйелдердің халықаралық күні сегіз елде бірдей 8 наурыз күні аталып өтті. Кейінгі жылдары Еуропа әйелдері 8 наурызды соғысқа қарсы наразылық білдірумен өткізген.
Кеңес Одағы құрылған жылдан бастап 8 наурыз мемлекеттік мейрам мәртебесіне ие болды. 1965 жылы бұл күн демалыс болып жарияланды. Жыл сайын 8 наурызда мемлекет әйел құқығының қорғалуына байланысты жүргізілген шаралар туралы есеп беретін. Уақыт өте келе бұл мереке саяси келбетін жоғалтты. 1975 жыл «Біріккен Ұлттар Ұйымы жылы» болғандықтан кеңес идеологтарының ықпалымен ресми түрде 8 наурыз Әйелдердің халықаралық күні болып жарияланды. Көктеммен келетін 8 наурыз мерекесі ТМД елдерінің барлығында кең көлемде аталып өтеді.
Қоғам мүшелерінің, әсіресе, феминистердің пікірінше, кейінгі кезеңде 8 наурыздың қыз-келіншектерге, аналарға сыйлық сыйлау мерекесіне айналғаны оның әйелдердің құқығы үшін күрес күні екенін, яғни бастапқы мәнін жойып, керісінше, сексизмге қайта жол бере бастады.
Лейла Махмудова, FemAgora, TEDxWomen жобаларын ұйымдастырушылардың бірі
Мен 10 желтоқсан мен 8 наурызды ғана атап өтемін. Басқа мейрамдардың не үшін тойланатынын түсінбеймін. 8 наурыз — ерекше мереке. Меніңше, бұл — тек әйелдердің емес, бүкіл адамзаттың мейрамы. Мыңдаған жыл өмір сүріп, жүз жыл бұрын ғана адамдар күшін, интеллектін, рухын жинап, әйелдердің құқығын қорғап шықты. Сондықтан бұл оқиға — адамзаттың үлкен жетістігі. Біз осы үшін өзімізді мақтан тұтуымыз керек. Себебі мыңдаған жыл бойы адамзаттың жартысын елемеу — ең үлкен дискриминация.
8 наурызда біз бүгінге дейін қандай жетістікке жеткенімізді саралап, қоғамдағы жағдайдың одан сайын жақсаруы үшін не істеуге болатынын қарастыруымыз керек. Ой-сананы өзгерте отырып, 8 наурыздың шын мәнінде қандай мереке екенін білуіміз тиіс. Әрине, бәрі бірден өзгермейді, кеше ғана өткен FemAgora фестивалінде бізге қарсы шығып, наразылығын білдіргендер болды. Бірте-бірте қоғамның көзқарасы өзгеріп, әйелдердің құқығын қорғау күні тиісті форматта тойланатынына сенемін.
Қазір көптеген сала ер адамдарға арналған болып көрінеді. Бұдан инклюзиялық мәселелер туады. «Инклюзия» дегенде біз пандустар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана ойлаймыз. Бірақ инклюзия деген тек адамның ерекшелігіне қарай ғана емес, арамыздағы әртүрлі адамды оның барлық өзгешелігімен қабылдай алуымыз. Олардың санатына әйелдер де кіреді. Мысалы, FemAgora-ның ғылым секциясында әйелдердің ғылыммен айналысуы ерлерге қарағанда әлдеқайда қиын екені айтылды. Өйткені балалы болған кезде әйелдердің жұмысына жеке өмірі әсер етеді. Олар баланы лабораторияға да, конференцияға да алып келе алмайды. Сондықтан ол карьерасы мен жеке өмірінің арасында таңдау жасауы керек болады. Бұл саланы инклюзив қылу үшін, яғни тек әйелдер емес, ата-аналарға да арнау үшін тиісті жеңілдіктер қарастырылып, ресми жиында баламен отырған адамға негативпен қарамай, қабылдауымыз керек. Сол кезде әйелдердің потенциалы артады.
Молдияр Ергебеков, PhD, СДУ журналистика кафедрасының оқытушысы
Кез келген мейрам басыбайлы тойлана беретін болса, мейрам болудан қалады. Әр атаулы датада тақырып бойынша талқылаулар өтіп, проблемалар айтылуы тиіс. Мейрам деген құттықтау, ән айтып, би билеу ғана емес. Мысалы, 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік алғаннан бері не істедік, не істей алмадық?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. Дәл сол сияқты балаларды қорғау күні мерекесінде біз «Балаларға қатысты мәселелерді қалай қозғап жатырмыз немесе қозғай алмай жүрміз?» деген сияқты сұрақтарға жауап беруіміз керек. Болмаса, Президент күнінде біз президенттік жүйені жан-жақты қарастырып, пікірталастар ұйымдастыруымыз қажет. Дәл сол сияқты 8 наурыз — Әйелдердің халықаралық күнінде де қоғамдағы әйелдер проблемасын, өзекті мәселелерді талқылауымыз керек. Өйткені әйел мәселелері қоғамда өршіп отыр.
2017 жылы Бас прокуратураның мәлімдемесі бойынша 300-ден астам әйел еркектердің зорлық-зомбылығынан қаза болады. Қазақстанда әйелдердің 30%-ының жалақысы ерлердікіне қарағанда төмен. Үй шаруасындағы әйелдердің статусы әлі күнге дейін белгіленген жоқ. «Олар қалай зейнетке шығады, қанша алады, денсаулық сақтандыруы бар ма?» деген сұрақтар — өте үлкен проблема. Бұл — жай адамның проблемасы емес, гендерлік проблема.
Осындай талқылаулар болмағандықтан қоғамдағы көпбалалы аналардың мәселесі қазір ғана айтылып жатыр. Сондықтан әйел құқығын шектеу туралы проблемалар бүгін айтылып, әрдайым талқылануы тиіс. 8 наурыз мерекесінде әйелдердің мәдени, саяси, әлеуметтік, экономикалық жағдайлары жан-жақты қарастырылып, пікірталастар өтіп, баламалар, ұсыныстар, шешімдер алға қойылуы керек.
Эльмира Қарманова, Komuniti Kazakhstan жобасын құрушылардың бірі
8 наурыз мектептер мен балабақшаларда сан түрлі өлі гүл сыйланып, үздіксіз құттықтаулар айтылатын кез емес. Бізде қыздарға кішкентайынан күйеуге сәтті шығу, көп бала тауып, тамақты жақсы жасау, репродуктив денсаулықты сақтау деген сияқты нәрселерді айту — қалыпты жағдай. Қоғам қыздарға бала кезден бастап көп міндет пен талап қояды.
Осы мерекеде балаларға жаттанды өлеңдер оқытып, қыздарға олардың қандай керемет қыз екенін айтқызу дұрыс емес деп есептеймін. Мен бұл күні балаларға 100 жыл бұрын әйелдің таңдау, дауыс беру, жекеменшік, ойын білдіру құқықтарының болмағанын айтуды дұрыс көремін. Себебі қазірдің өзінде көп жерде әйелдердің құқығы шектеледі. Сондықтан бұл тақырыпты әрдайым қозғап, еске салып жүру керек.
Иә, біздің елде 200-ден астам мамандық әйел адамдар үшін физикалық тұрғыдан ауыр болатындықтан тыйым салынған. Осыған байланысты FemAgora-да айтылған өрт сөндіруші болғысы келген қыз туралы керемет оқиға есімде қалып қойды. Кішкентай қыздың өрт сөндіруші болуды армандайтынын, бірақ қоғамда оған ешқандай мүмкіндік жасалмағанын анасы әлеуметтік желіде жазады. Пост танымал болып, кең тарағаннан кейін олардың үйіне өрт сөндіруші әйел келіп, әңгімесін айтып, қызды жігерлендіреді. Бұл оқиға мені қатты таңдандырып, ойландырды. Сондықтан мен 8 наурызда қыздарымызды қанаттандырып, оларға бұл үлкен әлемде қолынан бәрі де келетінін айтуды ұсынамын. Өрт сөндіруші болғысы келе ме, полицей болғысы келе ме, маңызды емес. Біз оларды әрдайым қолдап, шабыттандыруымыз керек.
(Иллюстрация: Dribbble.com ©Anastasia)