Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында FemАgora апталық фестивалі басталды. Фестивальдің мақсаты — қоғамның назарын әйел құқығы мен гендер мәселелеріне аудару. Бұл жоба әртүрлі саладағы әйелдердің басын қосып, идея мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Фестивальдің әр күні жеке тақырыпқа арналды, олар: өнер, медиа, денсаулық, ғылым, кинематография, экономика және саясат. Фестивальге гендерлік құқық мәселелерімен айналысатын ғалымдар, сарапшылар, Қазақстан мен Орталық Азияның зерттеушілері, өнер және мәдениет өкілдері қатысады. Ұйымдастырушылар бұл жолы Қазақстан медиасындағы гендерлік теңдік мәселесін талқылады.

Наталья Слудская, Cosmopolitan журналының бұрынғы бас редакторы, продюсер: Cosmopolitan гендерлік теңдікті әлі де насихаттап келеді

— Cosmopolitan Қазақстанда жылтыр мұқабалы басылымдар дүркіреп тұрған кезде шықты. Cosmo Қазақстан әйелдері үшін «Эксперимент жасап көр, карьера жаса, сен өз қалауыңдағыдай өмір сүруге құқылысың» деп үндейтін, жаңа деңгейге шақыратын басылым болды десем қателеспеймін деп ойлаймын. «Егер ер азаматыңмен бақытсыз болсаң, өміріңді өзгертіп көр, мүмкін ол сенің адамың емес шығар» деген сияқты тақырыптарды қозғап, қыз-келіншектерді бұрын айтуға ыңғайсыз болған мәселелерді шешуге үндеді. «Сен билейтін жерге барып, аздап масайып қалғаннан жаман қыз болмайсың, керісінше, өтірік айтқаның саған мүлде жараспайды» дейтін журнал сол кезде қажет болды. Бірақ бұл айналаңа сенің таңдауың қалай әсер ететіні маңызды емес деген сөз емес. Адамзаттың бәріне ортақ құндылықтар әрқашан сақталуы керек. Егер сенің таңдауың өзгенің бақытын ұрламаса, қоғамға кері әсер етпесе, онда жөн. Cosmo тек өзіңді ойла деп үндеген жоқ. Керісінше, отбасын сақтаймын деп, өзін қиындыққа төзуге мәжбүрлейтін жандардың таңдау жасауға құқылы екенін айтқысы келді. Сол жылдары мен де біраз тәжірибе жинадым. Қазір маған журналдың сапасы сәл төмендеген сияқты көрінеді. Мұндай журналдар бүгінгі жас қыздар білетін нәрселерден алыстай алмай жатқан сияқты. Cosmo жазып жатыр, бірақ оның бәрін қыз-келіншектер біледі.

Гүлмира Құсайынова, Manshuq.com сайтының редакторы: Manshuq.com қыз-келіншектерге нақты бағыт бермейді, бәрін олардың өз еншісіне қалдырады

— Алғашында жаңадан сайт ашқанда «Нені өзгерте аламыз, ол кімге арналады?» деп ойландық. Қазір біздің редакцияның өз саясаты бар. Мысалы, жаңалықтардан бас тарттық, себебі ақпараттық порталдар жеткілікті. Бізде қыз-келіншектер қандай болуы керек, оның қоғамдағы орны қандай деген сияқты сауалдар талқыланбайды. Қазіргі заманның қызы, әйелі қандай? Біз осыны көрсетеміз, одан әркім өзіне қажетін алады. Стандартты насихаттамаймыз, таңдауды қыздардың өзіне береміз. «Мәншүк» аталуымыздың өзі осыдан туған, батыр қыз соғысқа өз еркімен аттанды. Мен шамамен 25-35 жастағы қыз-келіншектердің қандай екенін айтайын. Менің пайымдауымша, олардың өмірден алған белгілі бір тәжірибесі бар. Сондықтан олар өміріне қатысты маңызды сұрақтарды қойып, редакцияға жолдай алады, біздің белгілі бір тақырыпты қозғауымызға түрткі болады. Сайтты оқу арқылы олар неден қателескенін, өмірінде нені өзгертуге болатынын біле алады, айналасына көз тастайды.

FemAgora фестивалі
FemAgora фестивалі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Гендерлік идеяны коммерцияландыру мүмкін бе? 

Наталья Слудская:

— Шынында да, Қазақстан нарығында нақты бір тақырыпты ұстанып, соның жетегінде контент дайындау өте қиын. Коммерция жағын ойлап, әртүрлі мәселені қамтуға тура келеді. Оның үстіне сайтты тұрақты оқитын оқырман аз. Бірақ сонда да медиа интим, әйел денсаулығы тақырыбына сайт, арна, желі арнап, соған сай материалдарды көбейтті, олар әлі күнге дейін өзекті. Тұрмыс жағдайындағы зорлық-зомбылыққа қалай төтеп беру керек? Күйеуіңе, анаңа, көршілеріңе олар сені түсінуі үшін не деп айту керек? Осы тақырыптарды қазақ медиасы қозғап жүр. Бұрын мұндай тақырыптар жазылмайтын.

Кәмила Жүсіпова, I-sulu.kz онлайн-журналын ашушы:

— Біздің онлайн журнал тек әйелдерге арналған. Сайтымызда қыздардың денсаулығынан бастап олардың бос уақытын қалай өткізуге болатынына дейін қамтимыз. Арнайы «Алғаш рет» деген айдар да бар, онда қыз-келіншектерде кездесетін түрлі жағдай туралы толық жазылады. Сайт 2018-дің күзінде ашылды, біз бұл туралы ешқайда жарияламадық. Дегенмен аз уақытта сайттың өз оқырманы жиналып жатыр, нәтиже жаман емес. Қазақы аудиторияға қыз-келіншектерге арналған, бәрін қазақша жазатын контент ауадай қажет деп ойладым. Себебі мен де аяғым ауыр кезде жүктілікке, баланы өмірге әкелуге қатыстының бәрін орысша іздеп, оқып шықтым. Дәл мен сияқтылар қаншама? Ал жас қыздар гинекологқа қандай жағдайда, қай кезде бару керек екенін білмей жатады. Мұндай сауалдарға жауап беретін, қазақы ортаға лайықталған сайт керек деп, жұмысты бастап кеттік. Сайтта қателер бар шығар, бірақ ең бастысы — қыз-келіншектерге қажеттің бәрін қазақша жазатын сайттың пайда болғаны. Алайда қазақы орта әлі де интим тақырыптарды оқудан, талқылаудан ұялады. Мұны әлеуметтік желідегі парақшамыздан байқадық. Интим тақырыбындағы материал лайкты аз жинайды, бірақ оны адамдар көп сақтап алады. Бұл істің әр жағында «Менің лайк басқанымды ел-жұрт көрсе, осындай материал оқиды екен деп күлкі қылады» деген комплекс жатыр. Бірақ бұл тақырып оларға керек, себебі сақтап қойған. Порталымыздағы «Жігіт үшін не істемеу керек?» деген материал әлі күнге дейін оқылады, бүгінге дейін өзекті. Демек, бұрынғымен салыстырғанда қыздар таңдау жасауға талпынады.

Камила Жүсіпова
Кәмила Жүсіпова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Медиада көпбалалы аналарды қолдау мәселесі қалай көтеріліп отыр?

Айсұлу Тойшыбекова, журналист, Тelegram-дағы «Синица» каналының авторы:

— Біз бұл тақырыпты көпшілікке жария етіп, әңгімелемесек те, әрқайсымыз анамызбен немесе жақын адамымызбен отырып талқыладық. Жеке каналымызда пост арқылы ой қозғауға тырыстық. Көпбалалы аналар мәселесі бүгін пайда болған нәрсе емес.

Әсем Жәпішева, сценарист, медиазерттеуші:

— Қазір нақты бір БАҚ-та жұмыс істемесем де, өзімнің деректі фильміме бұл қозғалысты, көпбалалы аналар мәселесін қостым. Мен бүгінгі медианың көпбалалы аналарға берері жоқ деп айтқым келмейді. Көбіне интим, денсаулық мәселесін қозғайды екенсіздер деп айтып жатырсыздар. Иә, бәрі солай, себебі 5-6 баламен далада қалмас үшін әйел өз денсаулығына қатыстының бәрін және өзінің құқығын білуі керек. Міне, дәл осы тақырыпта медианың үлесі бар.

Айсұлу Тойшыбекова
Әсем Жәпішева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кәмила Жүсіпова:

— Қазір гендер тақырыбын жазатын медианың арқасында ауылдардағы қыздар, әйелдер қауымы бұрын білмеген көп ақпараттан хабардар. Соның арқасында олар балаларын бағып, қыздарын тәрбиелеп әрі өз құқықтарын айтып көпшіліктің алдына шығып отыр. Сондықтан медиа көпбалалы аналар тақырыбын жазбады, қозғамады деп айта алмаймыз. Гендерлік БАҚ-тың арқасында сол көпбалалы әйелдер өздерінің таңдауын жасады.

Көрермен тарапынан БАҚ өкілдеріне аудиторияны көп қамтуға байланысты ұсыныс айтылды. «Гендерлік мәселелерді қозғайтын медианы, шараларды қаланың қыздары жақсы біледі. Бірақ алыстағы ауылдың тұрғындарына қазақ медиасының үні жетпей тұрады»,- дейді қатысушылар.

FemAgora бүгінгі медиадағы гендерлік теңдік мәселесін ғана емес, БАҚ-тағы әйелдердің көшбасшылығы тақырыбында да ой қозғады. Журналистер Гүлнәр Бажкенова мен Ержан Сүлейменов, Душанбедегі Purnur агенттігінің директоры Лайло Тағаева тақырыпқа байланысты өз ойын айтты.

Гүлнәр Бажкенова, журналист, блогер: Журналистикада көшбасшылыққа талпынудың қажеті жоқ

— Тек қыз-келіншектерге арналған онлайн журнал мен вебсайттар бар және оларда әйел адамдар жұмыс істейді. Бірақ олардың басшылары — ер адамдар. Дәл сол сияқты ерлер тақырыбында жазатын БАҚ-тың басшысы әйел болуы мүмкін. Мысалы, Скандинавия елдерінде ұл балаға тек көк, қара сияқты қанық түсті киімдерді, ал қыздарға қызғылт, ақ көйлектерді алып беруді доғарыңыз дейді. Себебі ұл мен қызды бала кезінен бөлмеу керек. Дәл сол сияқты ер мен әйелдің қайсының директор болуға қабілеті басым, сол болуы керек. Өзіме салса көшбасшы емес, жай журналист, редактор болар едім. Басқарушы болу соншалықты қызық емес, сондықтан оған талпынудың қажеті жоқ. Жұмыста мамандар ер, әйел болып бөлінбейді, қайсының қолынан келеді, сол әрдайым алда жүреді. Өзіме бас редакторлықты ұсынғанда «Істей аласың ба?», — деп сұрады. Ештеңеге күмәнданбай, алып кеттім. Менің ойымда «Мен әйелмін, мен нәзікпін, қолымнан келмейді» деген ой болмапты.

Ержан Сүлейменов, журналист, Іnternews халықаралық бірлестігінің Қазақстандағы өкілі: Басшы ер ме, әйел ме, маңызды емес

— Медианың басшысының ер не әйел екені мүлде маңызды емес. Ол тіпті өзгепланеталық болуы мүмкін. Ең бастысы — бастық бұл бизнесті, аудиторияны, сол аудиторияға не беру керек екенін түсінсе болғаны. Көбіне әйелдерге киім тігетін дизайнерлердің гей болатынын да жақсы білеміз. Есесіне, олар — қыз-келіншектерге не жарасатынын, ер адамдар қандай киім таңдайтынынан хабардар, өз ісінің шеберлері.

Медиадағы журналистердің көбі — әйелдер. Бірақ олар тұрмыс құрып, бала туғаннан кейін әріптестеріне ілесе алмай қалуы мүмкін. Осыған байланысты редакция ер адамдарды жаңағы әйелден біліктілігі төмен болса да жұмысқа алады. Басшылыққа ол қыздар сияқты тұрмыс құрып, босанбайтыны үшін керек, ыңғайлы. Мен ондай еңбекке қабілетсіз ер адамдарды көп көрдім. Кей редакция ерлерді әдейі таңдайтын. Себебі бұрыннан қалыптасқан моншаға барып, бірге ішімдік ішу дәстүрі бар еді. Сол жиында көп нәрсе талқыланатын және айтылғанның бәрі сол жерде қалатын. Ал редакция қыз-келіншектерге мұндай ауыс-түйістерді сеніп тапсырмайтын. Бірақ мен айтып отырған жағдайлар қазір азайып бара жатыр. Бұл — қуантарлық жағдай. Медиада заманға сай контент жасалып жатса, нақты аудиторияға жұмыс істеп, өз оқырманын тауып жатса, онда ер қызметкер көп пе әлде әйел жұмыс істеп жатыр ма, маңызды емес.

FemAgora фестивалі
FemAgora фестивалі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Лайло Тағаева, Душанбедегі Purnur агенттігінің директоры: Әлі күнге дейін көп мәселеге көз жұма қараймыз

— Тәжікстандағы жағдай мүлде басқаша. Бізде қыз-келіншектерге арналған мұқабасы жылтыр журнал жоқтың қасы. Елімізде медиа болсын, басылым болсын, өте аз оқылады. Бірақ бұған біздегі азаматтық соғыс себеп болды.

«Ұят» мәселесі бізде де бар. Жыныстық қатынас туралы айтсақ, таспен ұруы мүмкін, қыздар қысқа белдемше кисе, ер адамдар неше түрлі сөз айтып салуы мүмкін. Бірде журналистика факультетінде оқитын студент қызды үйіне кетіп бара жатқан жолдан құрылысшылар көріп, оған неше түрлі ұятсыз нәрселерді көрсетіп, айғайлай бастаған. Бізде көбіне мұндай жағдайларға көз жұма қарайды, қыздар үндемей қалады. Бірақ дәл сол қыз батырлық танытып, болған жайтты Facebook-ке жазған. Ол постты жергілікті журналистер көріп, тарата бастады. Ал бір кездері бұл оқиғалар біз үшін қалыпты саналған еді.

Қазір Тәжікстанда әйел журналистер көп мәселені көтеріп жүр. Олар ең қауіпті жерлерге барып, ақпарат алудан тайынбайды. Бас редактор, шығарушы редактор қызметтерінде де қыз-келіншектер көбейді. Тіпті, бір журналист биліктегілердің отырысынан соң «Интеллект емес, интеллигенция» деп қорықпай, сынап жазды. Әрине, Қазақстанмен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылық көрініп тұр, дегенмен ақырындап біздегі гендер мәселесі де жақсарып келеді.

Лайло Тағаева
Лайло Тағаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz