Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында Қазақстан тұрғындарының арасында сауалнама жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша еліміздегі ерлердің әйелдерге қандай сыйлық жасауды қолай көретіні және қыз-келіншектердің қандай сыйлық алғысы келетіні анықталды.
HeadHunter компаниясының зерттеу орталығы 8 наурыз қарсаңында «Әйелдер қандай сыйлықты қалайды?» тақырыбында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 134 адам қатысты. Олардың 88%-ы — әйелдер. Сауалнамаға қатысушылардың ойынша, зергерлік бұйымдар мен гүл — көктемнің шуақты мерекесіндегі сұранысқа ие сыйлық.
Көп тарту етілетін сыйлықтардың қатарында парфюмериялық косметика, кітап және спорт дүкендерінде сауда жасауға болатын сертификат, тұрмыстық техника мен ақша да бар. Респонденттер әйелдердің киноға немесе театрға билет алуға, бренд сөмкеге, қолдан жасалған ерекше сыйлыққа, гаджеттерге, пәтер немесе көлікке құштар екенін де жазған. Сауалнамаға қатысқандардың пікірінше, пайдасыз сувенир сыйлықтарға, жасанды гүлге әйелдердің жаны қас. Бұл тізімге ыдыс-аяқ, ас үйдің керек-жарағы, тәтті-дәмділер, киім, құттықтау қағаздары мен ванна жабдықтарын жатқызуға болады.