Суды неге екі рет қайнатуға болмайды?

Дәрігер Арай Әміре «қайнаған судың құрамында зиян заттар болмайды» деген түсінікті жоққа шығарды.

Суды құрамындағы бактериялардан тазарту мақсатында қайнатып ішеміз. Бірақ ондағы А гепатиті вирусы су қанша қайнаса да, жойылмайды. Сонымен қатар ботулизм бактериясы суды бес сағат қайнатқанда ғана өледі. Ал біз ауызсуды бес сағат бойы қайната алмаймыз. Бұл кезде су буға айналады, — дейді диетолог.

Оның айтуынша, суды қайнатқанда ол қатты күйінен жұмсарады. Бірақ оны екінші рет қолданбаған дұрыс.

Қайнаған суды жарты сағат өткеннен кейін ішуге болмайды. Себебі ішіне микроб түседі. Суды пайда болған микробтан тазарту үшін оны қайтадан қайнатып, ішпеңіз. Бұл жағдайда ол құрамындағы магний, кальций сияқты элементтерден және пайдалы дәрумендерден арылады. Екі қайнаған су адам ағзасына кері әсер етеді. Сондықтан әр ыстық судан кейін шәйнекті міндетті түрде жуу керек, — дейді Арай Әміре.

Суды тек 90 градусқа дейін, яғни толық қайнатпай қолдану керек. Су қатты қайнағанда оның барлық пайдалы дәрумені жоғалады.

Егер таңертең ашқарынға 90 градусқа дейін қайнаған су ішсеңіз, ағзаңыздан түні бойы бөлінген қалдықтар шығады. Бұл нәрсені әдетке айналдырсаңыз, метаболизмнің жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі. Үйде фильтр болса, суды тазартып ішкен, әрине, дұрыс. Cу 90 градуста өлі су саналады. Қайнаған суды басқа ыдысқа құйып, тұндырып, ішіне күміс салып қойса, ол қайта өңделгендей күйде болады. Кран суын да осындай тәсілмен ішуге болады, — дейді маман.

Алматының ауызсуы қандай?

Кран арқылы келетін жерасты суының құрамы сол аймақтың экологиясына байланысты. Мысалы, Алматыда ауызсу бірнеше су көзінен: 30%-ы Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінен, 70%-ы Алматы, Талғар жерасты ұңғымаларынан алынады. «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, қаланың суы ТМД елдері арасында ең сапалы ауызсу деп есептеледі.

Алматыда бірнеше жылдан бері суды зарарсыздандыру үшін хлордың орнына кәдімгі ас тұзынан электролиз әдісімен алынатын натрий гипохлориті қолданылады. Натрий гипохлоритінің хлорға қарағанда белсенділігі жоғары, пайдаланғанда қауіпсіз, жанбайды, жарылмайды және қолданысы қарапайым, — дейді мекеме мамандары.

«Алматы су» кәсіпорны сұйық хлорды қолданбай, тазартудың басқа әдістерін тұрақты пайдалануды ұйғарған.

Сұйық хлор адам өміріне зиян. Сондықтан суды зарарсыздандыру технологиясын натрий гипохлоритіне ауыстырдық. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін бәрінен жоғары қоямыз, — дейді мекеме мамандары.

Ыдыста қақ неден түзіледі?

Тұрғындар «Ауызсуды қайнатқаннан кейін ыдыста қақ тұрып қалады» деп наразылық білдіріп жатады. «Алматы су» холдингі бұл мәселеге қатысты да жауап берді.

Қақ — су құрамындағы тұз кермегі. Ол кез келген суда кездеседі. Ашық суқоймалар арқылы келетін суда тұз өте аз болады. Ал ұңғымалардан алынатын су құрамында оның концентраты көбірек. Соңғы жылдары кәсіпорынның жеке күшімен және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаланың көптеген тозығы жеткен құбыры ауыстырылды. Ал үй ішіндегі коммуникация жүйелерінің басым бөлігі ауыстыруды қажет етеді. Бірақ ол құбыр желілері тұрғындардың ұжымдық меншігінде болғандықтан ауыстыру тұтынушыларға жүктеледі, — дейді «Алматы су» мамандары.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!