Басты бет Жаңалықтар Қазақстаннан қанша маман шетелге кетіп қалды?

Қазақстаннан қанша маман шетелге кетіп қалды?

Өңірлерден шетелге кетіп қалғандардың көбі Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары болып шықты.

2018 жылы Қазақстаннан 41,9 мың адам кетіп қалған, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 11,1%-ға көп. Бұл туралы Finprom.kz зерттеуінде айтылады.

Былтыр Қазақстанға келгендердің саны 12,8 мың адамға қысқарған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,5%-ға аз. Көші-қон сальдосы — 29 100 адам.

2018 жылы Қазақстан азаматтары негізінен ТМД елдеріне көшіп кеткен, бұл бағыттағы эмигранттардың саны 37,8 мың адам болды. Елдің еңбекке қабілетті азаматтарының арасынан қоныс аударғандардың қатары — 29,1 мың адам (ТМД елдеріне кеткендердің саны — 26,3 мың адам).

Өңірлерден шетелге кетіп қалғандардың көбі — Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары: 4,44 мың адам. Екінші орында — Қостанай облысы: 4,38 мың адам. Үшінші орында — Қарағанды облысы: 3,87 мың адам.

Республика бойынша Алматы, Маңғыстау облыстары мен Алматыға сырттан еңбекке қабілетті азамат көп келген. Алматы облысы 1,6 мың, Маңғыстау облысы 1,3 мың және Алматы 1 мың адамды қабылдаған.

Көші-қонның оң сальдосының ең жоғары деңгейі, яғни келгендер санының көшіп кеткендер санынан артық болуы Маңғыстау облысында тіркелді — 958 адам.

Finprom.kz-тің мәліметінше, елден жасы 15-тен асқан 22,7 мың маман кетіп қалған, бұл бұрнағы жылға қарағанда 11,3%-ға көп. Кетіп қалғандардың 7,4 мыңы — техника, 3,9 мыңы — экономика, 2,5 мыңы — педагогика саласының маманы. Бұл жөнінен көші-қон сальдосы жақсарған жоқ, яғни сырттан келуші азаматтардың есебінен кетіп қалған мамандардың орны толмай тұр.

2018 жылдың 12 айында елден кеткен азаматтардың 90,2%-ы ТМД елдеріне, оның 97,5%-ы Ресейге барған. Эмигранттардың 9,8%-ы басқа елдерге кеткен, олардың арасында Германияға (65%), АҚШ-қа (8,2%) және Израильге (3,3%) қоныс аударғандар көп.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Anton Fritsler (kit8))