Бейбітшілік және келісім сарайының бас директоры қамауға алынды

Астанада Бейбітшілік және келісім сарайының бас директоры Әділ Арын қамауға алынды. Бұл туралы Zakon.kz Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Астана сотының мәліметінше, мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Әділ Арынға екі ай мерзімге — 26 сәуірге дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған.

Астана мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметіне сілтеме жасаған Тengrinews.kz-тің хабарлауынша, Бейбітшілік және келісім сарайының басшылығы мен қызметкерлері заңсыз мемлекеттік сатып алулар жүргізіп, қаржы жымқырған.

Шұғыл тергеу шараларын жүргізу нәтижесінде Астана әкімдігінің «Бейбітшілік және келісім сарайы» МҚКК-ның басшылығы мен қызметкерлерінің асыра көтерілген бағамен тауарларға заңсыз мемлекеттік сатып алу жүргізу жолымен қаржы жымқырған, сол арқылы мемлекетке сомасы 21 миллион теңге болатын аса ірі көлемде шығын келтірген қылмыстық іс-әрекеті анықталды. Astana art creative group ЖШС аталатын үлестес мемлекеттік қазынашылық коммуналдық кәсіпорны анықталды, ол мемлекеттік сатып алуларға қатысушы жалған тұлғаның атына рәсімделген, — деп хабарлады экономикалық тергеу қызметінің мамандары.

Ресми мәлімет бойынша Әділ Арынмен бірге осы мекемеде жұмыс істеген тағы бірнеше адам күдікті деп танылып отыр. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды. Бейбітшілік және келісім сарайының бұрын жүргізген барлық мемлекеттік сатып алу ісі тексеріліп жатыр.

Бейбітшілік және келісім сарайы 2006 жылы Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін өткізу мақсатында салынды. Ол — мемлекеттік қазынашылық коммуналдық кәсіпорны. Ғимарат — ағылшын сәулетшісі Норман Фостердің жобасы. «Пирамида» Астана әкімдігінің қарамағында.