Басты бетЖаңалықтарБейбіт Атамқұлов...

Бейбіт Атамқұлов Қытайда қамауға алынған қазақстандықтар туралы айтты

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметінің негізгі қорытындылары туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтан Қытайда саяси лагерьлерде отырған қазақстандықтардың тағдыры туралы сұрады.

Қоғамда отандастарымыздың Қытайдағы өмір сүру жағдайлары туралы өте көп талқыланып жатыр. Бұл туралы сіз білетін де боларсыз. Мен министрліктің ресми өкілдеріне сұрақ қойғым келеді: Қытайдағы түзеу лагерьлері туралы қандай ақпарат бар және оларда қанша отандасымыз бар? Негізсіз қамауға алудан құтқару үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр? Кешенді бағдарламалар бар ма? — деді депутат Берік Дүйсембинов.

Бейбіт Атамқұлов Қытайда қазіргі кезде Қазақстанның 1,5 миллион азаматы бар екенін айтты.

Қытайдағы отандастарымыз туралы күн сайын ақпарат келіп түседі. Біз мұны бақылауда ұстап отырмыз. Былтыр 2,5 мың отандасымыз Қазақстанға шығуға виза алды. Биыл қос азаматтығы бар Қазақстан азаматтары арасынан 33 адам Қытай түрмелеріне қамалды. Біз өз тарапымыздан дипломатия каналдары арқылы және консулдар жұмысы есебінен 23 адамды елге қайтардық, — деді Бейбіт Атамқұлов.

Сыртқы істер министрі Қытайдың түзеу мекемелерінде отырып көмек сұраған азаматтардан мыңнан астам өтініш түскенін айтты.

Бұл өтініштер бойынша жеке-жеке жұмыс істеп жатырмыз, олардың жағдайын білеміз. Әрқайсымен жеке жұмыс істейміз, өйткені әр адамның өз хикаясы бар. Егер Қытайдағы отандастарымыздың ахуалы туралы айтсақ, олар лагерьлер болуы да мүмкін. Бұл мұсылман дінін ұстанатындарға қатысты. Қытайдың өз ішкі тәртібі бар. Дипломаттарымыз бұл лагерьлерді барып көрді. Оларда тәуелсіз сарапшылар да болды. Өкінішке қарай, мұндай қысым қазақтарға ғана көрсетіліп жатқан жоқ. Ол жақта болған отандастарымыздың ішінде қазақтардың саны 80%-ға азайды. Біз үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыс Сыртқы істер министрлігінің құзыретіне ғана қарамайды, басқа мемлекеттік органдар да жұмыс жүргізіп жатыр, — деді министр.

ДереккөзZakon.kz