Шаңғы жарысы бойынша Қазақстан құрамасының көшбасшысы Алексей Полторанин Австрия түрмесінен босатылды. Бұл туралы Шаңғы спорты ұлттық федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Алексей Полторанин 27 ақпан күні әлем чемпионаты жарысы басталардан 1,5 сағат бұрын ұсталған еді. Полиция оған ұсталу себебі немесе тағылған айып жөнінде ештеңе түсіндірмеген.
Қазір біздің спортшы Зеевельд қаласында. Алексей өзін мүмкіндігінше жақсы сезінеді. Оның әлем чемпионаты жарыстарына одан ары қатысуы туралы шешім мен оқиғаның себебі кейін жария етіледі. Қазіргі уақытта біз бұл сұмдықтың аяқталғанына қуаныштымыз, — деді федерацияның баспасөз хатшысы Самал Наурызова.
Австрияның ақпарат құралдарына сілтеме жасаған Ресей ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, Алексей Полторанин мен Австрияның екі спортшысы — Макс Хауке мен Доминик Бальдауф қан допингін қолданғанын мойындап, полицияға толық айғақ берген.
Германия мен Австрияның тергеу органдары Зеевельдте өтіп жатқан әлем чемпионатында допингке қарсы бірлескен рейд жүргізген. Австрияның Қылмыстық полиция федералдық басқармасы бес спортшының ұсталғанын хабарлады — Австрияның екі (Макс Хауке, Доминик Бальдауф), Эстонияның екі (Карел Таммъярв, Андреас Веерпалу) және Қазақстанның бір спортшысы (Алексей Полторанин).
Алексей Полторанин, Макс Хауке мен Доминик Бальдауф айғақ бергеннен кейін босатылған. Эстониялықтар әлі қамауда. Бұл дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, 27 ақпан күні Австрияда өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында Алексей Полторанин 15 шақырымға классикалық әдіспен жарысушылар сынына қатысуы тиіс еді. Бірақ спортшы жарыс жолына шыққан жоқ. Кейін Австрияның құқық қорғау органдары еліміздің үздік шаңғышысының допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін қамауға алынғанын хабарлады.