Қанша жоғары лауазымды шенеунік жемқорлығы үшін жауапкершілікке тартылды?

Сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша ұлттық компаниялардың 11 басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Жемқорлық
Фото: Еssay.iaspaper.net

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық үшін сотталған лауазымды тұлғалардың статистикасын жариялады.

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, осы уақытқа дейін елімізде 2 Премьер-министр, министрлік пен агенттік басшыларынан және олардың орынбасарларынан тұратын 22 адам, облыстар мен қалалардың 17 әкімі, ұлттық компаниялардың 11 басшысы, 8 генерал жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Дегенмен соңғы екі жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің саны азайып келеді. Біз оның бәрі жан-жақты насиxат жұмыстарымен тығыз байланысты деп санаймыз. Содан соң қоғамдық сана да өзгеріп жатыр. 2016 жылдан бері анықталған жемқорлық фактілерінің саны 23%-ға азайды, – деді Олжас Бектенов мемлекеттік қызметтің жаңа форматын қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.

Жиында агенттік басшылығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын оңтайландырудың нәтижесін де жариялады. Олжас Бектеновтің айтуынша, осы уақытқа дейін ұлттық бюрода 250-ге жуық басшылық қызмет қысқартылды. Бұдан бөлек, артық құрылымдар оңтайландырылды. Соның есебінен шұғыл тергеу қызметі күшейтілді.

Бұрын ұлттық бюрода басшылар мен қызметкерлердің арақатынасы 1:2, яғни бір бастықтың қол астына екі адамнан болса, қазір аталған көрсеткіш дамыған мемлекеттердің деңгейі – 1:8-ге жетті. Сонымен бірге құқық қорғаушылар ашық конкурс негізінде жұмысқа қабылданады. Жалпы, ұлттық бюро бойынша шамамен 1 миллиард теңге үнемделді. Осының нәтижесінде қызметкерлердің жалақысы 2 еседен артық өсті. Бұл жерде президенттік өсімақы да бар. Оған үнемделген қаржының үстемақысы тағы қосылады. Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ең жоғары жалақы алатын құқық қорғау органы саналады, – дейді агенттік төрағасының орынбасары.