Қазақстан Президенті «Лукойл» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовпен кездесті. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар мұнай-газ саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы «Қазмұнайгаз» және «Лукойл» компаниялары арасындағы серіктестік қарым-қатынастардың тиімділігін және оның жақсы дамып келе жатқанын айтты.
Біз «Лукойл» компаниясымен бұрыннан бірге жұмыс істеп келеміз. Компанияларыңыз — Ресейдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Сонымен бірге сіздер Ресейдің Қазақстандағы маңызды инвесторларының бірі саналасыздар. «Лукойл» біздің экономикамызға 9 миллиард долларға жуық инвестиция бөлді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Ресей компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттестік білдірді. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысына Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру жөніндегі «Жеңіс» жобасын бірлесе іске асыруға қатысты жоспар туралы егжей-тегжейлі баяндалды.
«Лукойл» мұнай компаниясының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан аумағындағы жағармай материалдарын шығаратын зауыттың құрылыс жұмыстарының нәтижелері жөнінде мәлімет берді.
Кәсіпорынның жоспарланған қуаты жылына 100 мың тонна болады. Заманауи зауыт жағармай материалдарының барлық түрін, атап айтқанда, 700 өнімді түрлі атаумен шығарады, — деді Вагит Алекперов.
Кездесу кезінде озық технологияларды қолдана отырып, жаңа көмірсутегілердің кен орындарын іздеу үшін бірлескен жұмыс жүргізу және ҚР Энергетика министрлігі әзірлеп жатқан 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасын жүзеге асыруға Ресей компанияларын қатыстыру мәселесі де талқыланды.