Канадалық кинематографистер тобы мен қазақстандық зерттеуші Нұрбол Баймұхан жылқы мен адам қарым-қатынасының тарихы жөнінде үш бөлімнен тұратын фильм түсірді. Бірінші бөлімі 2018 жылы шыққан. Қаңтарда трилогияның екінші бөлімі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетілді. Әлем бойынша премьерасы наурызда басталады.
Документалистер тобы фильмді Жердің ең суық аймағынан Австрия шөлі арқылы Кентуккиге дейінгі құрлықта, Қазақстанда және Моңғолияда түсірді.
Бұл — соңғы үш жыл жалғасып, канадалық CBC компаниясымен бірге түсірілген Equus триллогиясының «Салт аттылар» атты екінші бөлімі. Фильмде жылқы мен адам қарым-қатынасының тарихын, бұл тамаша жануардың эволюциясын көрсеткіміз келді. Жердің, Орталық Азияның, Қазақстанның көне тарихымен таныстыруды мақсат еттік. Бұл бөлімдегі актерлар, каскадерлар, тіпті, шығармашылық топ та қазақстандықтардан тұрады. Телеоператорлар мен режиссерлар — канадалықтар. Меніңше, бұл фильм евроцентризм идеясын жойып, адамзаттың эволюция тарихында бізің ел аумағының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, — дейді Нұрбол Баймұхан.
Фильм дәлелденген ғылыми фактілер негізінде түсірілген. Мысалы, зерттеулер нәтижесінде алғаш пайда болған Ботай мәдениетінде Прижевальский жылқысы қолға бірінші үйретілгені анықталды. Қызығы сол, қазір Прижевальский жылқысы — жабайы жануар. Бұл туралы 2018 жылы Nature журналы сәуір айында ғылыми мақала жарияланып, Прижевальский жылқысының суреті журналдың мұқабасына шықты.
Соңғы жеті жылда жасалған бірнеше терең зерттеу базасында түсірілген фильмді канадалық СВС және америкалық PBS арналары көрсетті. Алдағы уақытта тағы да екі үлкен журналда ғылыми материал шығады. СВС компаниясы қаржыландырған бұл фильмнің бюджеті 3,5 миллион канадалық доллар болды, — дейді Нұрбол Баймұхан.
Оның айтуынша, 6 000 жылдық мәдениетімізді, тарихымызды бүкіл әлемге осылай таныту — үлкен абырой. Фильмдегі ғалымдар, зерттеушілер қазақстандық не ресейлік емес, еуропалықтар. Олар — бүгінде эволюция тарихын қайта жазып жатқан алдыңғы қатарлы ғалымдар. Кембридж және Копенгаген университеттеріндегі үлкен орталық басшылары.
Мысалы, Ботай қорымындағы адамның сүйегі соңғы рет 1983 жылы табылған. Ал біз фильмді түсірерде осындай адамның сүйегін тағы таптық. Эволюцияны зерттеуші биологтарға бұл өте қызық. Адамның сүйегі сияқты материалдар ғалымдар үшін бұрынғы замманның флеш-картасы секілді. Себебі бір геномнан біраз ақпарат алып, тарихты жақсырақ біле түсеміз, — дейді Нұбол Баймұхан.
Енді Нұрбол Баймұхан бұл фильмді популизациялау үшін көктемде Еуропаға автотур ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Ол Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен фильмнің дәл осы екінші бөлімін Еуропада, одан кейін Қазақстанда көрсетуді көздеген.
«Рухани жаңғыру» бойынша өзімізді ғана емес, еліміздің аумағын да таныту маңызды. Себебі 6000 жыл адамзат ұлтқа емес, мәдениетке, аумаққа бөлінген. Қуанышымызға орай, ол мәдениеттің бәрі Қазақстаннан бастау алған. Ғылым күшімен осындай жұмыстарды көрсетіп, зерттеу жасауымыз керек. Себебі ғылым ұлтқа да, дінге де, саясатқа да бағынбайды. Ғылым арқылы тарихты зерттеп, Қазақстанды жаңғырта аламыз, — дейді фильм продюсері Нұрбол Баймұхан.
Фильм туралы фильм — «Equus: Жылқы тарихы»: