Әнел Оразбаева — Астанадағы №66 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы. Алты жасынан бастап вокалмен айналысады. Оған дейін би үйірмесіне қатысқан.
— Балалар студиясына алғаш келген кезің есіңде ме?
— Әрине, 12 жасымда осы студия туралы анам екеуміз интернеттен көріп, бірден өтініш жібердік. Содан соң кастингке шақырту алдық. Оған дейін анаммен Алматыда тұрдық. Ол кезде де Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өнер көрсетіп, үлкен концерттерге шығып жүрдім. Дегенмен мұнда алғаш келгенде қатты қобалжыдым. Өйткені «Астана Операның» сахнасы мүлде басқаша. Таңғажайып хан сарайы дерсіз…
— Іріктеу қалай өтті? Қандай ерекше қабілеттеріңді көрсеттің?
Кастингте «Асыл ана» деген әнді орындадым, бірақ ұйымдастырушылар әнді аяғына дейін айтқызбай тоқтатты. Содан кейін фортепианода диапазонды тексерді. Екі аптадай уақыт өткен соң анама менің кастингтен өткенімді хабарлап қоңырау шалды. Естігенде қатты қуандым.
— Мұнда келген соң бірден сахнаға шықтың ба?
— Мен келгенде басқа балалар Джакомо Пуччинидің «Богема» операсына дайындықты бастап кетіпті. Мені студияға жаңадан қосылған балаларды дайындайтын топқа қосты. Ол топта өзімнің құрдастарым да болды, бірақ көбіне кішкентай балалармен дайындалып жүрдім. Ондағы сабақтардың бәрі маған жеңіл болды. Сондықтан сабақта көбіне жай отыратынмын. Бір күні жетекшіміз Алтынғаным Ахметова маған «Богема» операсының нотасын берді. «Ертеңге дейін жаттай алсаң, партияны тапсыруыңа болады, егер жаттай алмасаң, келесі жолы айтасың» деді. Мен сол күні партияны бас алмай жаттай бастадым. Астанаға алғаш көшіп келген кезіміз, үйде фортепиано болған жоқ. Планшетке арналған фортепианоның бағдарламасын орнатып, сол арқылы мелодиясын келтіріп, сөзін жаттадым. Басқа балалар да өз партияларын тапсыруы керек болатын. Олардың әрқайсысын мұқият тыңдап, одан әрі жаттай түстім. Сосын жетекшім ұнатып, мені де қойылымға қатысатын балалардың қатарына қосты. Осылайша алғаш «Богема» операсында өнер көрсеттім.
— Қалай дегенмен үлкен сахнада өнер көрсету оңай емес қой, қорқыныш, толқу болған шығар? Қандай әсер алдың?
— Әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Маған сахна, көрермен, оркестр, хор, дирижер, жанды дауыс, бәрі-бәрі таңғажайып, үлкен лабиринт сияқты әсер қалдырды. Бір кірсем, осы әлемнен ешқашан шыға алмайтын сияқты болдым. Осы кезде қорқыныш, толқу емес, ғажайып бір адреналинді бастан кештім. Бұған дейін де түрлі конкурста өнер көрсеттім, фонограммамен ән айтып жүрдім. Бірақ ешқайсында мұндай әсерді бастан кешкен жоқпын. Опера аяқталған соң Төлеген Мұхамеджанов барлығымызға жеке-жеке сыйлық берді.
— Неге операны таңдадың? Эстрада әншілерін тыңдайсың ба?
— Қазақ эстрадасынан Димаш Құдайбергенді сүйіп тыңдаймын. Бірақ эстрада әншілерінің көбі фонограммамен ән айтып, бейнебаяндарының арқасында танымал болып жүргені өтірік емес. Мен олай оңай жолмен танымал болуға ұмтылғым келмейді. Классикалық музыка ешқашан өлмейді. Операда дауысың мыңдаған адамға микрофонсыз бірдей, анық естілуі керек. Жай ғана естілмей, жүректеріне жетуі керек. Көрермен кинодан алғандай керемет әсер ала алуы керек.
— Басқа қандай операларда өнер көрсеттің?
Джакомо Пуччинидің «Тоска» операсына да қатыстым. Бір ғасыр бұрын дүниеге келген ұлы туынды — әлемдік репертуарларда жиі қойылатын опералардың бірі. Осы опера үшін әлемдегі ең үздік тенорлардың бестігіне кіретін әйгілі Марсело Альварес келді. Ол Каварадоссидің партиясын орындады. Бұл операның дирижеры да италиялық Даниель Орен болды. Режиссер Лука Ронкони балалардың арасында кастинг жариялап, 18 баланы таңдап алды. Сол 18 баланың ішінде болғаныма қатты қуандым. Себебі операның отаны Италиядан келген майталмандармен жұмыс істеу әркімге бұйыра бермейді. Маргерита Паллидің декорациясы өткен жүзжылдықтың тарихи оқиғасы – Наполеон басқарған француз әскерінің 1800 жылы Италияға басып кірген кезін суреттейді. Вера Марзу дайындаған костюмдердің де нақышы да оқиғаны анық бейнеледі.
Сонымен бірге Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында өнер көрсеттім. Бұл операға ұзақ уақыт дайындалдық. «Қыз Жібектің» премьерасы 2017 жылдың ақпанында болды. Оны Беларусь үлкен театрының бас режиссеры Михаил Панджавидзе қойды. Бұл операға қатысқан балалар екіге бөліндік: балалардың бір тобы Базарбайдың тағының жанында тұрса, екінші топ маршқа қатысып, ән айтып, «Жамбы ату» биін биледі. Операның екінші қойылымына Нұрсұлтан Назарбаев көрермен болып қатысты.
2018 жылы Жоржа Бизенің «Кармен» операсына да қатыстым. Ондағы ариялар көпшілікке таныс. «Кармен» — көңілді, ырғақты опералардың бірі. Бірақ соңы трагедиямен аяқталады.
— Өнерде кімді үлгі тұтасың?
— Өмірдегі кумирім — анам, ал өнерде Бибігүл Төлегенованы үлгі тұтам. Кішкентайымнан Бибігүл апаның әндерін тыңдап өстім, анам екеуіміз ол кісі қатысқан барлық бағдарламаны жібермей қарайтынбыз. Бірдеңені дұрыс істемей қалсам, анам «Бибігүл апаң ренжиді» деп бір ауыз айтса, бірден тыйылатынмын. Ол кісіні қатты жақсы көрген соң ешқашан ренжіткім келмейтін. Осы студияға келгенімнің арқасында осындай аңызға айналған кісімен жүзбе-жүз кездестім. «Астана Опера» сахнасында Бибігүл Төлегеновамен «Көктем вальсі» әнін бірге шырқадық. Сол кезде Бибігүл Ахметқызының залды таба алмай жүргені есімде, мен ол кісіні жетектеп, залға дейін алып келдім. Бибігүл Төлегенова сүйіп, батасын берді. Қуаныштан төбем көкке бір-ақ елі жетпеді. Сол күні үйге керемет көңіл-күймен бардым.
— Ал анаңның қандай қасиеттерін өзіңе үлгі тұтасың?
— Анамның қайсарлығын үлгі тұтам. Менің әнге деген құштарлығымды оятқан сол кісі. Музыкалық білімі болмаса да, керемет даусы иесі. Күрделі композицияларды ешқандай қиындықсыз фортепианода орындай береді. Кішкентай кезімде маған түрлі классикалық әндерді айтып беретін. Сол әндерді қазір естісем, көзіме жас келеді. Ол әнді махаббатпен айтатын. Ата-әжемнің қолында өстім. Бірақ анам маған бар жақсыны үйретті. Отансүйгіштік қасиетті бойыма сіңірді. Әнұран орындалса, жайбарақат отыра алмаймын. Орнымнан қарғып тұрып, әрдайым шын жүрегіммен орындаймын. Егер анам секілді қайсар болсам, мен ешқандай қиындыққа мойымай, үлкен жетістіктерге жетемін.
— Басқа қандай әншілермен ән айттың?
— Роза Рымбаева, Медеу Арынбаев, Әли Оқапов, Rin’Go тобы, Нағима Есқалиева, Мәдина Сәдуақасова, Юлия Савичева сияқты танымал әншілермен бірге ән шырқадым. Сүндет Байғожиннен тәлім аламын.
Желідегі пікір
Жақында интернеттегі қазақша форумдардың бірінен опера мен балет туралы талқылауды көзіміз шалды. Сондағы мына пікір есте қалды: «Кеше мен теледидардан қаламызға опера және балет театрын салатыны туралы естідім. Оның көлемі және оған кететін қаражат та оңай емес екен. Қазіргі кезде бұл бізге керек деп ойлайсыздар ма? Негізі опера және балетке қалай қарайсыздар? Ол қазаққа тән бе, әлде өркениетті елден қалмайық деп тыраштану ма? Өз басым опера мен балетті көргім келмейді. Мүмкін түсінбейтін шығармын. Ал салынайын деп жатқан театрға көрерменді қайдан жинар екен? Оқушылар мен студенттерді қинап апара ма?». Расында да опера мен балетті көбінесе еуропалық мәдениетке ғана тән дейтіндер бар. «Қазаққа опера керек емес, бұл бізге жат өнер», — дейтіндер бар. Майра Мұхамедқызы өзінің бір сұхбатында «Қазаққа операның керегі жоқ деген сөз «Абай» мен «Құран кәрім» керек емес дегендей әсер етті маған» депті.
— Музыка мектебінде оқымайсың, өзің оқитын мектебіңде сабақтарың таңнан кешке дейін болады екен. Дайындық сабағыңа кері әсерін тигізбей ме? Мұғалімдерің түсіністікпен қарай ма?
— Мұғалімдерім әрдайым түсіністікпен қарайды. Кейбір оқытушылар «Театрдың алдына үлкен қақпа қойып, онда «Әнелге кіруге болмайды» деп жаздыртамын», — деп қалжыңдайды. Бірақ теледидардан көргенде байқаулардан жүлдемен оралып жатсам, мен үшін қуанып, мақтанып жатады.
Қазір ҰБТ-ға дайындалып жүрмін. Сондықтан балалар студиясындағы сабақтарға үнемі қатыспаймын. Бірақ театрдағы опералар мен концерттерден қалмаймын.
— Қандай пәндерді сүйіп оқисың? Келешекте кім болғың келеді?
— Тарих, құқық сияқты пәндерді сүйіп оқимын. Маған 5-8-сыныптар аралығында тарихтан сабақ берген ұстазым осы пәндерге қызығушылығымды оятты. Болашақта өнер жолын жалғастырып қана қоймай, құқықтанушы да болғым келеді.
— Әңгімеңе рақмет!
Балалар шығармашылығын дамыту, жастардың тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өсуіне қолдау көрсету — мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Жастар саясатына қатысты мемлекеттік бағдарламалар, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» сияқты жобалар — осыған дәлел. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар бала кезден қалыптасатынын айтып, балаларға ерте жастан кәсіби диагностика жүргізу қажет екенін ерекше айтқан еді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы өнер саласындағы жас орындаушыларды қолдау қажет екенін тағы айтты.
«Астана Опера» театрының балалар студиясына қабылдау тәртібі
Опера бағыты
Балалар хорына дарынды вокалдық (әуезді, үнді) және актерлық икемі, музыканы ұғу қабілеті бар, ырғақты сезе алатын, музыкалық мектепте оқып жатқан 8-14 жастағы балалар қабылданады.
Балет бағыты
Балетке 8-10 жастағы дене бітімі сымбатты, икемді, денесі жеңіл, омыртқасы қисаймаған, майтабан емес, биіктікке секіре алатын, ырғақты сезіне білетін және музыкалық бейімі бар балалар қабылданады.
Қосымша ақпаратты балалар студиясының жетекшісі Ахметова Алтынғаным Кенжеғалиқызының [email protected] электрон поштасына хабарласып білуге болады.