Конституциялық кеңес Президент өкілеттігі туралы өтінішке жауап берді

ҚР Конституциялық кеңес Президенттің өтінішіне жауап қайтарды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Конституциялық кеңесінен Конституцияның Президент өкілеттігін тоқтату туралы тармағына қатысты ресми түсіндірме беруді сұрағаны хабарланған еді.

Конституциялық кеңестің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының өтінішінде «Конституцияның 42-бабының 3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық па?» деген сұрақ қойылған. Конституциялық кеңес аталған нормада Президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері толық емес деп түсіндірді.

Кеңестің пікірінше, Негізгі Заңнан Мемлекет басшысының отставкаға шығу құқығы туындайды. Аталған құқық — президенттік басқару нысаны мен Президенттің конституциялық мәртебесінің элементі. Ол адам әрі Қазақстан азаматы ретінде Президентке тиесілі және әр тұлғаның конституциялық құқықтарын, соның ішінде еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығын бекітетін Конституцияның басқа да ережелерінен туындайды (13-баптың 1-тармағы, 24-баптың 1-тармағы және тағы басқа). Конституциялық кеңес Конституция 42-бабының 3-тармағындағы «сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған…жағдайда…» деген сөз тіркесі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың негізі ретінде Мемлекет басшысының отставкаға шығуын да қамтиды деп есептейді, — деп хабарлайды Конституциялық Кеңестің баспасөз қызметі.

Нормативтік қаулының толық мәтіні баспасөзде жарияланады.