«Жынымды келтірмеңізші». Вице-министр журналиске ұрсып тастады

Әлеуметтік желілерде ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің журналиске ұрысқан сәті түсірілген видео жарияланды. Видеода оған бірнеше журналист сұрақ қойып жатыр. Stan.kz-тің мәліметінше, шенеунікке тілшінің тариф туралы қойған сұрағы ұнамаған.

Бұл басқа іс-шара ғой. Не болды? Кеше парламентте айттым тариф туралы. Ондай болса, осында өздеріңіз тұра беріңіздер, — деді Серік Жұманғарин желіде тарап жатқан видеода.

Оған өзге журналист «Шағын және орта бизнес туралы айтыңызшы» деп қолқа салды.

Шағын және орта бизнес туралы сұрақ қойсаңыздар жарайды. Ал бизнес туралы шараға менен тариф туралы сұрайын деп келіп тұрсыз ба? — деді Серік Жұманғарин тілшіге.

Кейін вице-министр журналистерге айтқан дөрекі сөзі үшін кешірім сұрады. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Журналистерге дөрекі сөйлегеніме өкінемін. Сөйлеу мәнерім шектен шыққанын мойындаймын. Сондықтан ресми түрде журналистерден кешірім сұраймын. Журналистерді қызықтыратын сұрақтарға жауап беруге дайынмын, — деп жазады баспасөз қызметінің өкілдері вице-министрдің сөзін.

Баспасөз қызметінің өкілдері Ұлттық экономика министрлігі диалог үшін әрқашан ашық екенін хабарлады.

Өз тарапымнан біз роликте қойылған сұрақтарға жауап беру үшін алаң мен спикер тауып беруге дайын екенімізді жеткізгім келеді. Маған хабарласуларыңызды өтінемін, қажетті мәліметті алу үшін шұғыл көмектесуге дайынмын, — деді министрліктің баспасөз қызметінің өкілі Самал Ыбыраева.