Басты бетЖаңалықтарМәдина Әбілқасымова...

Мәдина Әбілқасымова қоғам мүшелерінен неге жиі сын еститінін айтты

14 ақпан күні ҚР Үкіметі жанынан құрылған ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтеді. Онда мұқтаж отбасыларды әлеуметтік қолдау мен қорғауды жақсарту жөнінде кешенді шешімдер ұсынылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты.

Министрдің хабарлауынша, жұмыс тобының алғашқы отырысы өткен аптада болған. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Өңірлерде ақпарат жинайтын, көпбалалы отбасылардың мұқтаждығын бағалайтын, олардан келіп түскен ұсыныстарды жинайтын шұғыл штабтар құрылды.

Жұмыс тобы осы ұсыныстардың бәрін қарайды. Келесі отырыс бейсенбіге жоспарланып отыр, біз қоғам мүшелерін, сарапшыларды шақырғымыз келеді. Жұмыс тобында қолдауға мұқтаж отбасыларды әлеуметтік қорғауды жақсарту жөніндегі кешенді шаралар ұсынылады деп ойлаймыз, — деді Мәдина Әбілқасымова.

Қазіргі уақытта министрлік қоғам мүшелерінен түрлі бағыт бойынша түскен ұсыныстарды саралап жатыр. Олар — атаулы әлеуметтік көмекті жақсарту, жәрдемақыны қайта қарау, баспана беру және тағы басқалар.

Біздің министрлік әрқашан қоғамның ең ауыр проблемаларының жүзінде тұрады. Біз халықтың барлық әлеуметтік әлжуаз тобын әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етеміз. Осы орайда мамандығымызға қарай біз әрқашан сын естиміз. Ең бастысы, біз ондай сыннан қорытынды шығарамыз, жағдайды жақсартуға тырысамыз және іске асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылданады, — деді ол.

Жұмыс тобы аясында баспанамен қамту мәселесі ерекше тәртіппен қаралады. Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселе бойынша келіп түскен ұсыныстардың бәрін жинастырып жатыр, бұл ұсыныстар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге қаралады.

Еске салайық, 4 ақпанға қараған түні болған жантүршігерлік өрт оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде көпбалалы аналарды әлеуметтік жағынан қорғауды күшейту туралы бастама көтерілген еді. Астанада, Алматыда және Шымкентте аналар бас қосып, билікке талап қойды. Бұдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Үкіметінің жанынан ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

ДереккөзZakon.kz